Бүгін Заречный ауылындағы «Современник» мәдениет үйінде орналасқан №549 сайлау учаскесіне «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, жеті баланың анасы Нұргүл Сейтова келіп, өз таңдауын жасады.
Нұргүл апай үшін сайлауға қатысу – ізгі дәстүрге айналған маңызды қадам. Ол әр сайлауда өз учаскесіне келіп, азаматтық ұстанымның ең қарапайым, бірақ маңызды көрінісі таңдауыңды жасау деп есептейді. Көп балалы ана үшін сайлау тек азаматтық борыш емес. Бұл – отбасының, балаларының болашағы туралы ойланатын маңызды сәт. Ол әр адамның таңдауы елдің ертеңін қалыптастыратынына сенеді.
«Отбасымызда жеті бала өсіп келе жатқан соң болашақ туралы ойлау біз үшін өте маңызды. Балаларымыздың бейбіт әрі тұрақты елде өсіп, сапалы білім алғанын, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік болғанын және ертеңгі күнге сеніммен қарағанын қалаймыз», – дейді Нұргүл апай.
Оның бұл ұстанымы азаматтық жауапкершіліктің сөзбен ғана емес, жеке үлгі арқылы да қалыптасатынын көрсетеді. Балалар анасының өз азаматтық борышын орындағанын көріп өседі. Осы арқылы олар ел тағдыры әр азаматтың таңдауына байланысты екенін түсінеді. Бүгін Нұргүл Сейтова тағы да өз таңдауын жасады. Ол өз отбасы мен балаларының, бейбіт әрі лайықты болашақтың қамы үшін дауыс берді. Ең бастысы, ол балалары мен кейінгі ұрпақтың бақытты өмір сүріп, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндігі мол елде өсетініне сенеді.
Ал №549 сайлау учаскесінің төрағасы Зәуреш Жанғожинадан дауыс беру құқығына ие азаматтар тізімі, соңғы мәліметтер жөнінде сұрадық.
«Сайлаушылардың жалпы саны – 2629, оның 1768-і дауыс беріп үлгерді. Алғашқы сайлаушы мен 16 жасқа енді толған жастарға арнайы сыйлықтарымызды табыс еттік. Биыл алғаш рет төрайым болып отырмын, жауапкершілік өте жоғары», — дейді Зәуреш Жанғожина.
Сайлау учаскесінде бақылаушылар жағдайды жіті қадағалауда. Бақылаушы Алтын Елубаеваның айтуынша, жағдай тұрақты, ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай қарастырылған.
Аталған учаскеге ауданға ғана емес, тұтас елге танымал адамдар, еңбек ардагерлері, әртүрлі саланың белгілі өкілдері келіп дауыс беріп жатыр. Солардың қатарында балуан, Азия чемпионы, жекпе-жектің 11 түрінен спорт шебері Талғат Жиентаев та болды.
Ботагөз Манет
