Бір отбасы – бір таңдау

Бір отбасы – бір таңдау

Бүгін «Allur» автомобиль зауытында еңбек ететін Шопановтар әулеті бірге келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.

Бекежан Төлеуұлы — №2 ұсақ торапты құрастыру цехы өнімдерінің сәйкестігін қалпына келтіру учаскесінің шебері. Жұбайы Ләйла Камиялқызы зауыттың архивін басқарады. Ал ұлы Рамазан GSIP/QLS жүйелік әкімшісі болып еңбек етеді.

«Бүгін отбасымызбен бірге дауыс беріп, өз азаматтық таңдауымызды жасадық. Құрылтайдың алғашқы сайлауы — еліміздің саяси дамуындағы маңызды қадам. Әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел болашағына үлесін қосқаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді Бекжан Төлеуұлы

Үш маманның жұмысы әртүрлі болғанымен, мақсаты ортақ — кәсіпорынның тұрақты жұмысына өз үлесін қосу. Бірі өндірістегі процестерге жауап берсе, екіншісі құжаттардың жүйеленуін қамтамасыз етеді, ал үшіншісі сапа жүйелерінің үздіксіз жұмысын сүйемелдейді. «Allur» олар үшін жай ғана жұмыс орны емес, отбасы мүшелерінің кәсіби жолы тоғысқан ортақ еңбек ордасына айналған.

«Жас маман ретінде елдегі өзгерістерге бейжай қарамаймын. Бүгін өз таңдауымды жасап, азаматтық міндетімді орындадым. Болашақтың жақсы болуы әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты деп ойлаймын», – дейді Рамазан Бекжанұлы.

Бүгін Шопановтар әулеті жұмыс орнындағы бірлігін сайлау учаскесінде де көрсетті. Олар бірге келіп, өз таңдауларын жасап, елдің болашағына қатысты азаматтық ұстанымдарын білдірді.