Жерлесіміз жылдың үздік педагогі атанды

Жерлесіміз жылдың үздік педагогі атанды

Елордада өткен Республика күніне арналған мерекелік концерт барысында Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Александр Иванович Шерцердің еңбегі жоғары бағаланды.

Ол «2025 жылдың Үздік педагогі» атағына ие болды. Құрметті марапатты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыс етті.

Александр Шерцер NIS жүйесінде 10 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Осы аралықта ол оқушылардың цифрлық ойлау қабілетін дамытуға және инновациялық білім беру үдерісін жетілдіруге зор үлес қосты.

Ұстаздың еңбегі бұған дейін де мемлекет деңгейінде лайықты бағаланған. Ол – «Шапағат» мемлекеттік медалінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының топ-10 финалисі, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының лауреаты.

«Үздік педагог 2025» атағы – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен жаңашылдығының, сондай-ақ еліміздегі цифрлық білім беруге қосқан зор үлесінің жарқын дәлелі.

Айта кетейік, 2024 жылы Александр Иванович «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанған болатын.