Толғанай Қостанай өңірінің тумасы. Мектеп қабырғасында оқып жүргенінен, домбыраға әуестеніп, кейін Меңдіқара мәдениет үйінде Бақытжан Сәуекеновтің ықпалымен құрылған «Домбыра сазы» ансамблінің мүшесі болды. Облыстық көркем-өнерпаздар байқауына қатыса жүріп, шығармашылығын шыңдады.
Толғанайдың толағай бастамалары
«Өнер жолында жетістіктерге жетуім ең алдымен жақын адамдарымның қолдауы. Атам мен Әжем ұстаз болған кісілер. Олар менің мотиваторым. Олардың жетістіктері мені шабыттандырды, жігерлендірді, рухтандырды. Сол кездерде ауылды-аймақтарға белгілі домбырашы, марқұм, Назымбек Молдахметов келіп, тәжірибесімен бөлісетін. Музыканттарды дайындайтын. Назымбек ағайдың өнерге деген құштарлығы, ұлттық құндылықтарға деген құрметі адамға рух беретін еді. Мектеп оқушысы болсам да, маған қанат бітіріп, домбыраға деген сүйіспеншілігімді арттырды. Болашақта сол кісідей мықты домбырашы болу мақсатыма айналды», – дейді Толғанай Хасен.
Өнер баспалдағын Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде ұстазы, Раушан Сыбановадан тәлім алудан бастады. Құрманғазы атындағы ҚҰК, кейін консерваторияның магистратурасын шертпе күйдің шебері, өнер зерттеушісі, ғалым, профессор Біләл Ысқақовтың сыныбы бойынша оқуын тәмамдайды.
«Ғылыми бағыттағы ұстаздарым Айжан Бердібай, Сәуле Өтеғалиевадан білім алғанымды үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Домбырадан бөлек, жетіген асапбын да «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің алғашқы жетігеншісі Қорлан Картенбаевадан меңгеріп, кейін күйші-композитор, мемлекет сыйлығының иегері Секен Тұрысбековтің ықпалымен жетіген аспабымен «Ақ жауын» оркестрінде қызмет атқардым. Секен ағайдың арқасында орындаушы ретінде жетігеннен мол тәжірибе жинап, аспапқа деген қызығушылығым артты. Қазіргі таңда домбыра мен осы жетігенді қатар алып жүрмін», – дейді өнерпаз.
Онлайннан туған тың ой
Оқуды бітірген соң, пандемия кезіне тап болады. Жұмыс жоқ, шығармашылық тоқтап қалды.
«Үнемі ізденісте болдым. Әлеуметтік желіге кірсем, көптеген саладағы адамдар онлайн форматқа көшіп, кәсіптерін дамытып жатыр екен. Сол кезде маған “неге домбыраны онлайн үйретіп, көпшілікке насихаттамасқа?» деген ой келді. Көпшілікке насихаттау мақсатында әлеуметтік желіге домбыра туралы пайдалы кеңестер, лайфхактармен бөлісе бастадым. Аудиториям көбейіп, танымалдылығым да арта түсті. Кейін Dombyra timе онлайн курсын тек Қазақстан ғана емес АҚШ, Европа, Орта Азия елдерінен хабарласып, домбыра үйренген жандар көбейді. Пандемия аяқталған соң, Алматы қаласына келіп, «Dombyra time» жобасын офлайн форматта жалғастырдым. Домбыра үйренушілер өте көп болды», – дейді ол.
Жақсы ұстаз тек қана үйретіп қана қоймай, адамды қызықтыру үшін өзі орындаушы болып, шығармашылығымен көпшілікті тамсандыру керек. Бұл да жастарға, жас мамандарға мотивация болсын деген ниеттен туындаған маманның арманы еді. Курстарды дамыту мақсатында, Қазақстанның барлық аймағын аралап, еліміздің сұлу табиғатын көрсете отыра, домбыра күйлерін насихаттау басты міндетіне айналды.
Ұстаздық жолында тәжірибе жинау үшін, Алматы қаласының көптеген жеке меншік мектептерінде жұмыс істеп, домбыра үйретудің әртүрлі методикаларын меңгере бастайды. Бүгінде әлеуметтік желіде жеке бренд қалыптастыру аясында қарқынды жұмыс істеп келеді. Көпшілігі оны «Дала» атауы арқылы таниды. Осы тұста оқырмандар тарапынан «Неге Дала?» деген сұрақтар туындауы мүмкін.
«Қазақтың сөзі өте бай, Дала деген сөздің астарында – көшпелі қазақ халқының мәдениеті жатыр… Қазақтың ән-күйлері табиғатпен байланысты, адамзат сол табиғаттың бір бөлшегі… Даланың үнін насихаттау домбырашы болған соң парызым деп есептедім», – деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
Домбыраның қара үні тамсандырды
«Бірде, Өзбекстан Ташкент қаласына жол түсіп, аэропорттан таксиге отырдым. Таксист ағай, телефоннан бокс жекпе-жегін көріп отыр екен. Қолымдағы домбырамды көріп: «Қазақ қызы екенсің ғой, міне, Қазақстанның боксшысы бокстасып жатыр, қолдап аренаға бармайсың ба?» – деп, күлді… Ташкентте Бокстан әлем чемпионаты болып жатқан еді… (IBA). Сөйтіп, Домбыра арқылы спортшыларымызға рухани қолдау білдіргім келіп, Хумо аренаға қарай беттедім. Үстімде ұлттық киім, қолымда домбыра, шетелден келген адамдар аң-таң… Әр боксшымыз шыққанда, күй орындаймын, спортшыларымыз әр раундта жеңіске жетеді… Бұл күйдің құдіреті ме деп қоямын. Алаңда Құрманғазының «Адай» күйін орындап, желіге салып, Хумо аренада үш күн бойы жанкүйер болдым. Бір күнде жұлдыз болып шыға келдім…. Санжар Ташкенбайдың ағалары қонақ қылып, құрметтеді. Домбыраның үні рух берді деп, ризашылықтарын білдірді», – деп дала сазының құдіреттілігін әңгемелей түсті.
Бұл қазақ спорт тарихындағы керемет жетістік еді. Сол жолы спортшыларымыз 4 алтын алып, төрт рет Қазақстанның туын көкке самғатты. Екі этникалық Қазақ күміс жүлдеге ие болды. Тарихи сәттің бір бөлшегі осы бір қоңыр күйлердің құдіреті екені даусыз. Ол жайында Бокс федерациясы да ескеріп, президенті Кеңес Хамитұлы Рақышевтің Толғанай Асхатқызын алғыс хатпен марапаттады.
Қасиетті шаңырақтағы алғашқы шығармашылық кеш
Мұғалім десе, бірден көз алдымызға бір кабинеттен шықпайтын, айналып келіп оқушыларға сабақ беретін, дәптер тексеріп, күнін мектепте өткізетін тұлға елестейді. Ал Толғанай Асхатқызының сабақ беру әдістемесі мүлде бөлек. Мектепте домбыра пәнінің мұғалімі болса да, ұлттық аспаптың маңыздылығын оқушыларға қалай жеткісем деп толғанады.
Қазіргі таңда, Dombyra time жобасы аясында онлайн-офлайн оқу жүйесінде топтық сабақтарды санамағанда 2000-нан астам шәкірт тәрбиеледі. Жақында Мәдениет министрі Аида Балаева өзінің фейсбук парақшасында QSANDYQ мобильді музыкалық қосымшасының іске қосылғандығы туралы көпшілікке жариялады. Бұл қосымшада дәстүрлі музыкамызды тыңдай аласыздар. QSANDYQ компаниясының миссиясы – ұлттық өнерімізді көпшілікке қолжетімді ету.
Бүгінде қосымшаға Айгүл Үлкенбаева, Еділ Хұсайынов, Нұржан Жанпейісов, Анар Мұздаханованың орындауындағы керемет күйлері енді. QSANDYQ – пен қарқынды жұмыстар жасалып жатыр.
Алматыда Арсланбек Сұлтанбектің концерті өтті. Ол Түркі дүниесіне «Асау» деген атпен танылған әнші-композитор. Юнус Эмре университеті мер Түркия елшілігінің ұйымдастыруымен «Ноталар саяхаты» атты концертіне Толғанай қатысты.
Бүгін оның Алматы қаласы, Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейінде «Дала үні» атты алғашқы шығармашылық кеші өтеді. Бұл Ықылас атындағы музей Өзбекәлі Жәнібектовтің ықпалымен құрылған. Бұл музейдің ерекшелігі ақын-жыраулар, ұлы күйшілеріміздің домбырасы сақталып тұрған жер. Өзбекәлі Жәнібековтің Торғайдың мәдниетінің дамуына қосқан үлесі зор. Сол себепті Толғанай осы қасиетті шаңырақтан алғашқы шығармашылық кешін бастағанды жөн көргенін айтады. Дәл осы концертте күй орындауға ұстазы Секен Тұрысбеков өзінің домбырасын ұсынады. Бұл да болса, Толғанай үшін үлкен жетістік, дәулескер күйшінің қаршадай қазақ қызына деген құрметі
Айтолқын АЙҚАДАМОВА