Сағаттың шықылдағы емес ермек

Сағаттың шықылдағы емес ермек

Наурыздың бірінші күнінен бастап, Қазақстан біріңғай уақыт жүйесіне ауысады. Өткен 2023 жылдың соңына қарай Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы өтіп, онда сарапшылар елде уақытты бір сағатқа кері жылжытуды ұсынды.

Жалпы Қазақстан Республикасының аумағы ресми түрде екі сағаттық белдеуге (UTC+5 және UTC+6) бөлінген. Бірақ ғалымдардың айтуынша, ол шын мәнінде UTC+3, UTC+4,UTC+5, UTC+6төрт географиялық сағаттық белдеуде жатыр.

Қазақстан халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайтыны белгілі жайт болатын. Осы мәселені жыл бойы зерттеген ғалым-физиологтар адам ағзасы мен қызметінің гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан UTC+5 уақыт белдеуіне ауысу дұрыс екенін, сонда ағзамыздың биологиялық сағатына сәйкес келетінін айтты. Бұл қостанайлықтардың құлағына өте жағымды ақпарат болды. Себебі еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты республика бойынша уақыт есептеуді бір жүйеге келтіруі барысында Қостанай облысы аумағындағы уақыт Үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысымен 1 сағат алға жылжытылды. 2005 жылы бұл жылжыту ескерілместен шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, «жазғы уақыттан» бас тарту нәтижесінде 1 сағат тағы да алға кеттік. Осы өзгерістердің салдарынан Тобыл өңірі бүгінде өзінің географиялық белдеуінен 1 сағат 46 минут алда жүргені туралы қоғамда біраз жылдан бері айтылып келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 4-ші және 5-ші шақырылымдарына Қостанай өңірінен депутат болып сайланған жылдары Ольга Киколенко сайлаушыларының өтініші бойынша Үкімет басшысына осы мәселе жөнінде депутаттық сауал тастап, біздің облыс өңірінде уақыт белдеуін 1 сағат 46 минутқа кері шегеруді өтінген еді. Бірақ одан қорытынды шыққан жоқ. Парламент Сенатының Қызылорда облысынан сайланған депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда және Қостанай облыстары тұрғындарының жергілікті уақытты географиялық уақыт белдеуіне сәйкестендіру жөніндегі өтініштерін жеткізіп, тағы да сұрау салғаннан кейін, 2017 жылы желтоқсан айында Үкімет қаулысымен қызылордалықтарға өздерінің бұрынғы қалыпты уақыты қайта оралды. Ал Қостанай облысында бұл мәселе сол күйінше қалып қойды.

Өркениет қанша дамыса да, адамзаттың табиғаттан ат құйрығын үзіп кете алмайтынын, оған қарсы келмей, ыңғайланып, қолтықтаса жүру керектігін уақыт меңзеп келеді. Сағат белдігін дұрыс пайдалану да адам мен табиғат арасындағы байланыстың қаншалықты маңыздылығын көрсетеді. Табиғи биологиялық уақыт ырғағының ыңғайына бағынбау ең алдымен баланың да, ересек адамдардың да ұйқысының бұзылуына әкеп соғатынын, ал ұйқының қанбауы адам денсаулығына кері әсер ететінін белгілі ғалымдар да, дәрігерлер де айтады. Қоғамдық белсенділер географиялық табиғи уақыт белдеуінен алшақтаудың қолайсыз әсерлері білініп отырғанын облыстың бұрынғы басшылығының назарына бірнеше рет салды. Бірақ облыстың бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов бұл мәселеге жеткілікті маңыз берген жоқ, оны саясиландырып, жалпы тұрғындардың талқысына салуды ұсынды, ақырында соңын сиыр құйымшақтандырып жіберді.

– Таң қараңғысында келген оқушылар қалғып-шұлғып отырады, мұғалімдерде шаршап жүреді. Бұл баланың денсаулығына да, оқуына да кері әсер етеді. Мен бір жиында осы мәселені көтергенімде, шенеуніктер маған бассалды, мен бір жау сияқты көріндім. Уақыт белдеуінің дұрыс қойылмағандығы бізге қатты білінеді. Сағат тілінің бір сағат артқа жылжытылуы өте дұрыс шешім болды, – дейді Рудный қаласындағы №7 қазақ орта мектебінің директоры Қымбат Бірманова.

Бірінші байлық – денсаулық. Оған ұйқының берері көп. Ұйқы болғанда да уақытылы ұйқы болуы керек. Бұл жөнінде белгілі психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-валеолог Надежда Жаркованың айтары көп.

– Адам ауырмауы үшін, алдымен, ол тынығып жүруі тиіс. Ал адам ағзасы түн мезгілінде ұйқымен тынығады. Оқырмандарға бұл жайлы сағаттап лекция оқуға болар еді. Қысқартып айтқанда, түн мезгілінде, қажетті гармондар бөлінетін уақытта адам ұйықтамаса, жүйкесі де, жүрек те, бауыр да зардап шегеді. Олардың жұмысына нұқсан келеді. Бұл, әсіресе, балаларға, жастарға өте қауіпті. Үнемі ұйқысы қанбаған баланың есте сақтау қабілеті төмендейді, әлжуаз, аурушаң болады, тіпті жүйкесі жұқарады. Табиғаттың биологиялық ырғағына адамныңкүші келмейді, оны барынша сақтаған дұрыс,– дейді Надежда Васильевна. – Адамды үнемі географиялық уақыттан бұрын мәжбүрлі түрде ұйқысынан тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғасының көбеюіне, жаңа аурулардың пайда болуына себеп болатынын адам эволюциясы, сомнология, физиология және хрономедицина саласын зерттеген ғалымдар дәлелдеген.

Әсіресе, ұйқысынан биологиялық мерзімнен бұрын оянуға мәжбүр болған мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына тым қиянат десе де болады. Балабақшаның жұмыс тәртібіне сай баланы таңертеңгі 08.00-де жеткізуге тиіс болса, ол өңірдің табиғи уақыты бойынша таңғы сағат 06.00-ге сәйкес келіп тұр. Міне, табиғи уақыт белдеуіне сәйкессіздіктің салдарынан сәбилер таң қараңғысынан шырылдап жылап, ұйқылы-ояу қалпында балабақшаға барады. Мұндай кереғарлықты облыстағы 100 мыңнан аса мектеп оқушылары күнделікті сезініп, амалсыз төзіп келді. Қостанай өңірінде қыс айларында күн сағат 10.00-да шығады. Ал екі сағатқа жуық уақытты табиғи қалпына қайтарсақ, балаларды да таң қараңғысынан оятпас едік. Қазір географиялық уақыт белдеуі, биологиялық табиғи уақыт ырғағы деген не, сағат белдеуінің алға жылжып кеткені, одан келетін зиян қандай екенін білуге адамдардың сауаты жетпейді емес, жетеді. Бірақ төзіп келді.

Қазақ ананың алдындағы парызын сөз еткенде,алдымен «түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянған» деп уақытылы ұйқының маңызынауызға алмай ма? Ұйқының бұзылуына басқа себептер де бар, бірақ уақтылы ұйықтамау бар себептің басында тұратыны анық. Ұйқыны зерттейтін сомнологияғылымына Ресейде айырықша көңіл бөлініп отырғаны тегін емес.2012 жылы көрші елде «Клиникалық сомнология» қоғамы құрылып, Ресейдің барлық аумағында оның 45 бөлімшесі ашылған. (Қазір одан да көбейген болар). 2023 жылдың қараша айында ресейлік сомнологтардың ҮП ғылыми-практикалық конференциясы өтіп, онда ұйқы бұзылуының диагностикасы мен емі туралы мәселелер талқыланды. Сағаттық белдеу күн шығу және бату уақытымен реттеледі. Ол Күн мен Жер шарының қозғалысына ғана бағынатын, ешқандай шенеуніктік реттеуге келмейтін шаруа. Керісінше, адамдар сол уақыт шегінен шықпай, биологиялық заңдылыққа ыңғайлануы қажет.

–Ресей 11 уақыт белдеуімен жүреді. Мұның географиялық, ресми, экономикалық маңызы да бар болар. Ең бастысы, адамдардың биологиялық уақыт ырғағынан алшақтамауына әсері мол болары сөзсіз. Бірақ ескеретін бір жағдай бар. Қазіргі уақыт біздің аталарымыз өмір сүрген кезең емес, өте күрделі, өмір ырғағы тым күшейді. Сондықтан Үкімет қаулысымен бекітілген сағат белдеуіне қатып қалмай, адамдар өзінің жағдайын өзі ойлауы тиіс. Мысалы, түнгі ауысымда жұмыс істеуге денсаулығың жарамаса, онда басқа мамандықты игеруге, басқа жерден жұмыс істеуге талпыну керек. Оның үстіне интернеттің пайда болуынан біздің жастарымыздың денсаулығы зардап шеге бастады. Себебі, түнімен отырып, интернеттеойын ойнайтын, фильм қарайтын жастар бар. Ұйқының мезгілін бұзған олар осындай әдетімен денсаулығын өздері құртады. Демек, клиникалық сомнологияны уақыт талап етіп отыр, – дейді Надежда Васильевна.

Сонымен, сағат тілі бір сағатқа кейін жылжиды. Бір сағат 46 минуттың бәрі болмағанымен мұның өзі түн қараңғысынан тұрып мектепке жүгіретін балалармен жұмысқа баратындар үшін кәдімгідей тыныс болары хақ. Ешқандай қаржы талап етпейтін мәселенің шешімін қаншама жыл күттік, табиғат анадан қиыс кеткенімізге төздік. Алдағы уақытта біз де табиғаттың төлі екенімізді ұмытпасақ жарар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

журналист

Жаңалықтармен бөлісу