ЖЕРЛЕСІМІЗ — «AI TANYM» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ

ЖЕРЛЕСІМІЗ — «AI TANYM» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің «Математика» білім беру бағдарламасының 2017 жылғы түлегі Асқарбек Шойбасов әріптестерімен бірге жасанды интеллект негізіндегі AI Tanym адаптивті оқыту платформасын әзірледі.

AI Tanym — оқушылардың білім деңгейін анықтап, оқу процесін жекелендіруге бағытталған интеллектуалды платформа болып табылады. Жүйе білім алушының оқу әрекетін талдап, оның жақсы және әлсіз тұстарын айқындап, жеке оқу траекториясын қалыптастырады.

Платформа: «оқушының білім деңгейін диагностикалау», «жеке бейімделген тапсырмалар ұсыну», «оқу прогресін бақылау», «тапсырмалардың күрделілік деңгейін автоматты реттеу» тәрізді негізгі мүмкіндіктерді қамтиды.

blank blank blank blank blank

Жоба Астана қаласындағы «Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 мектеп» базасында жүзеге асырылып, мұғалімдер мен әдіскерлердің қатысуымен әзірленген.

«Арқалық — талай тұлғаларды түлеткен киелі мекен. Бүгінгі таңда сол дәстүрді жас буын жалғастыруда. Біздің өңірдің жас ұстазы Асқарбек Темірханұлы оқушылардың білімге деген құштарлығын оятатын ерекше, AI TANYM жобасын қолға алды.  Жоба оқушылардың білім деңгейін жасанды интеллект (ЖИ) арқылы дәл анықтауға бағытталған заманауи шешімдердің бірі. Бұл жай ғана сабақ емес, бұл — жаңа мүмкіндіктер мен заманауи көзқарас», – дейді Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» директоры Данияр Қуанышұлы.

«Платформа мектеп математикасын терең меңгеруге, математикалық сауаттылықты арттыруға және іріктеу емтихандарына дайындыққа зор мүмкіндік береді. Біз түлегіміздің алдағы жұмыстарына тек қана сәттіліктер тілейміз», – деп жас ғалымның өзі білім алған білімнің қарашаңырағындағы ұстаздары да ризашылық пейілдерін білдіріп отыр.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы