Жергілікті ғылыми өнім. Диқандар егіске табиғи тыңайтқыш қолдана бастады

Жергілікті ғылыми өнім. Диқандар егіске табиғи тыңайтқыш қолдана бастады

Бүгін өңір басшысы Қостанай ауданындағы іссапары аясында «Борис-Романовский» ЖШС егіс жұмыстарымен танысты.

 

Серіктестік иелігінде 10,3 мың гектар алқап бар. Соның 5,5 мың гектарына бидай егіліп жатыр. Егісті әртараптандыруға ерекше ден қойылған. Екі жыл бұрын майлы дақылдар танабы 1,8 мың гектар болса, биыл ол 5 мың гектарға жетіпті. Қазір жұмыс қызу. Ауданда алғашқылардың бірі болып аяқтағалы отыр.blankblankblank

            «Бұйырса, бүгін түнгі ауысыммен егіс жұмысын толықтай тәмамдаймыз деп отырмыз, – дейді «Борис-Романовский» ЖШС басқарушы директоры Қанат Орынбасаров. – Биыл ылғал жақсы. Оның үстіне парлап, тыңайтқыш сіңіріп, барлық қажетті технологияны қолдандық. Тыңайтқышты маржиналдық дақылдарға – күнбағысқа, рапсқа, жасымық пен зығырға пайдаландық».

blankБылтыр серіктестік бидайдан гектарына 27, майлы дақылдан 24-25 центнер өнім алған. Бұл – Қостанай ауданындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазір фермерлерге тұқым сатумен де айналысады. Кейінгі екі жылда элиталы тұқым баптаушы шаруашылықтардың қатарына қосылған. Ал осы статус жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түсті. Сондықтан егістік технолгиясына мұқият мән беріліп отыр. Мәселен, қазір серіктестік топырақты тыңайтудың табиғи тәсілін – «биогумус» процесін қолдана бастады.blankblankblankblank

            «Калифорниялық құрттарды пайдалана отырып, толықтай орагникалық негізде сұйық тыңайтқыш әзірлеп жатырмыз. Төрт күнде 10 мың литр алуға болады. Біз мұны төрт жыл ғылыми сынақтан өткізіп, биылдан бастап толықтай бизнеске енгізе бастадық», – дейді бірегей жоба авторы Наурызбек Бірмағамбетов.

Мұның пайдасын серіктестік басшысы Алдаберген Жұмағұлов та растады. Оның айтуынша, биогумус нәтижесінде бір гектар шығымын үш центнерге арттыруға болады.

            «Былтыр гектарына 27 центнер өнім алуымызға осының да ықпалы болғаны сөзсіз. Бұл биостимуляторды тұқымды дәрілеу, өсімдіктің өсіп-жетілуі кезінде қолданамыз. Біз мұны ресейлік, испандық өнімдермен салыстыру үшін химиялық зертханаға жіберіп көрдік. Көзіміздің жеткені – өзіміздің биостимулятор олардан артық болмаса, кем емес. Ендеше неге шетелдік тауарға артық ақша шығындауымыз керек?» – дейді Алдаберген Жұмағұлов.

blankОл үкіметтің егіс жұмыстарын кедергісіз жүргізуге көрсетіп отырған көмегі зор екенін де тілге тиек етті. Жеңілдетілген несие, субсидия, лизинг секілді тетіктер диқандар қауымының қолын ұзартып отырғанын айтты.

            «Сондықтан өз шаруаңызға мемлекет ұсынған жәрдемді жақсылап пайдаланып, жұмысыңызды алға бастыра беріңіз», – деп сәттілік тіледі облыс әкімі өзара сұхбаттан соң.

Жалпы, өңір басшысының айтуынша, диқандарға мемлекет тарапынан көмек-қолдау мейлінше көрсетіліп жатыр. Мәселен, Президент тапсырмасына сай, техника жаңарқысы келген шаруалар үшін қарастырылған лизинг сомасы қомақты. Ел бойынша 300 млрд теңге бөлінсе, оның 45 млрд теңгесі Қостанай облысына бағытталған.blank

            «Диқандарымыз көктемгі дала жұмыстары үшін әртүрлі бағдарма арқылы төмен пайызбен несие алып отыр.  Жарты жыл мерзімге межеленсе, несие 2,5 пайызбен беріледі. Ал бір жылға – 5%. Сондай-ақ 73,3 мың тонна дизельдік отын бөлінді, оның литрі 281 теңгеден. Мұның бәрі — дән өсірушілерге деген айтарлықтай қолдау. Жалпы, егіс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын айтқым келеді», – деді Құмар Ақсақалов.

blankblankОблыста егіс аяқталуға жақын. Дала жұмысының шамамен 75 пайызы артта қалып отыр.

Жандос Жүсіпбек

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ