Өткен жылы Қостанайда коммерциялық нысан құрылысына 20 жер телімін жалға беруге бес аукцион өткізілген. Нәтижесінде бюджетке 201,5 млн теңге түсті. Бұл жер учаскелерінің бастапқы құны 20,9 млн теңгеден басталып, 10 есеге дейін артқан.
Сондай-ақ, қала құрылысы талабына сәйкес емес 238 жер теліміне аукцион өткізуден бас тартылған. Ал, жерді жалға алған кәсіпкер көздеген нысанын салған соң, жекешелендіре алады.
“Былтыр жалпы ауданы 14,7 гектар болатын 55 жер телімі 250 млн теңгеге жекенің меншігіне өтті. Ал алты жылға алушыға жерді игермеуіге орай жеке меншікке беруден бас тартылды”, – дейді Жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.
Жер телімдерін беру комиссияның шешімімен жүзеге асады. Мәселен, отырыста тұрғын және коммерциялық объектілерге қызмет көрсету үшін жер учаскелерін беруге, сондай-ақ оларды іргелес аумақта кеңейтуге және реконструкциялауға 1236 өтініш қаралған.
“Жалпы ауданы 50,3 гектар 425 жер телімін, оның ішінде жеке меншікке ауданы 32 гектар 321 учаскені және 18,3 гектар 104 учаскені уақытша жер пайдалануға беруге қатысты оң шешім қабылданды. Жер кодексінің және “Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” заңының талаптарын бұзуына байланысты 811 учаске беруге өтініштерді қанағаттандырудан бас тартылды”, – деді бөлім басшысы.
Заңнама шеңберінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 10 нысанда бұзушылық дерегі анықталған. Меншік иелеріне 1,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Бес жер учаскесі бойынша сот жұмысы жүргізілді, оның нәтижелері бойынша жалпы ауданы 7,0984 гектар, кадастрлық құны 125,2 млн теңге болатын коммерциялық мақсаттағы 4 жер учаскесін пайдаланбағаны үшін мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған учаскелер бойынша тексеру іс-шаралары жалғасуда”, – деді М.Темірбаев.
Стандартқа сай келмейтін жарнамалық құрылымдарға қатысты сот жұмыстары жалғасып жатыр. Былтырдың өзінде талап бұзған 65 конструкция анықталған. Қазіргі кезге дейін 7 сот отырысы өтіп, 14 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған.
“Құзіретіне сәйкес мекеме сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады. Жер кодексінің 84-бабының нормаларына сәйкес, айрықша жағдайларда жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін мемлекеттік мұқтаждықтар сауықтыру, рекреациялық мақсаттағы, автомобиль және темір жолдарын, елді мекендердің ортақ пайдаланылатын объектілерін салу (реконструкциялау) мұқтаждары үшін жер беру болып саналады”, – деді ол.
Заң шеңберінде өткен жылы “Осминог” аквапарк ауданында 12 жер телімін, “Қазақтелеком” АҚ ауданыда 4 жер учаскесін, “Жаңа қала” ауданында саябақ салу үшін 1 учаске алу рәсімі өтті. Сондай-ақ, “Береке” ауданында теннис орталығын салуға және “Юбилейный” ауданынан балабақша құрылысына жер телімі қажет. Ол аумақтарда баламалы түрі қарастырылуда.
“Мемлекетке қажет жер телімін ешкімнен тартып алмаймыз. Толық көлемде қаржысын өтейміз немесе балама түрін ұсынамыз. Бізде жер жетпейді, сол себепті көп жағдайда ақшасын төлейміз. Ал жер телімін алып, еш құрылыс жүргізбей, босқа ұстап отырғандармен жұмысты күшейту керек. Сондай-ақ, заңнамаға қайшы жарнама құрылымдарымен де жұмыс жалғасады. Мүлдем алып тастау керек, келесі жалдаушыға да берудің қажеті жоқ”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Шаһар басшысы жарнамамен айналысатын агенттіктерге заманауи құрылғыларды қолданып, “ЛЕД” экрандарды пайдаланған жөн деп үндеу тастады.
Сералы МЫРЗАБАЙ