Тоқал сыйлау тренд пе?

Тоқал сыйлау тренд пе?

Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр деп насихаттағысы келетіндер бар. Бүгінгі қоғамда бұл – заңға қайшы әрекет. Оған тосқауыл қойылуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы жөнінде айтты.

«Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл — мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.  “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”. Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам — халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек», — деді Мемлекет басшысы.

Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі қоғамда бұдан осы сияқты назар аударатын, салт-дәстүрге байланысты мәселелер әлі де бар. Мысалы, қазақ әйелдерінің күйеуіне тоқал тарту етіп жатқан видеолары әлеуметтік желілерде толып жүр. Бір-бірін қайталап, қызықтың «көкесін» көрсетуді ұят санамайтындар көбейіп барады. Қоғамдағы маңызды мәселеге айналып, жұртшылық пікірін сан саққа бөлген осы «трендке» біз де үңіліп көрдік.

«Екі сиыр – айран, екі әйел – ойран» дейтін еді қазақ. Кіші алуға күші жеткендер, бәйбішесінің разылығына ие болған немесе әмеңгерлік салтын орындаған ерлер батып баратын. Отауға тоқал енгізудің өзіндік реті, мінәйі себебі, мән-мағынасы, талап-тәртібі болатын-ды. Оны жарияға жар салмайтын жұрт едік. Ал қазір ше? Күйеуіне ел көзінше тоқал сыйлауды қуыршақ тарту еткеннен артық көрмейтін әйелдердің әрекетін көріп, жаға ұстайтын болдық. Сұмдығы сол, бұл құбылыс сәнге айналып барады. Бәйбіше рөліне енуге асығатын қатындар, «екінші әйел болуға дайынмын» деп шуласатын қыз-келіншектер қаптады. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ. Әлеуметтік желіге жарияланып, әлем аралап кеткен бейнебаяндарды көріп, ұяттан бетің дуылдайды екен.

Нақты мысал келтірейік, «Жайдарман» ойыны арқылы елге танылған әзілкеш, блогер Мереке Қалбаева өзінен алты жас кішілігі бар күйеуі Әрсен Акиевке той үстінде тоқал сыйлады. Кеш қонақтары мұны хайпқа, қалжыңға балап, аңтарылып тұрғанда басына ақ жаулық таққан уыздай жап-жас қыз есіктен кіріп келді. Есі шыға қуанған жігіт мұны әлеуметтік желіге бірден жарқ еткізіп жариялап жіберді. Осы «хит» видео туралы пікір айтқан Мереке «табынушыларының» толассыз сұрағына: «Мамам «ұятың болса, күйеуіңе тоқал сыйла» деп айтты. Соны жүзеге асыруға шешім қабылдадым», – деп жауап беріпті. Қос қосағы бар жігітке бақыт тілескен халықтың қарасы көп. Бұл – бір ғана мысал. Әлемжеліден іздей қалсаңыз, мұндай оқиғалардың алуан түріне тап боласыз. Қорап ішінен атып шығатын «жанды қуыршақтарды» қызықтап, гу-гу әңгіменің отын үрлеп жатқан жұрттан көз сүрінеді. Тоқалдыққа сұранып отырған жас қыздардың желігінен қалай жерінбейсіз? Араларында ажырасқан, жесір, балалы әйелдер көп. Мұның астарында не жатыр? Бұл өздерін оңай жолмен материалдық тұрғыда қамтамасыз ету амалы ма, «атың шықпаса, жер өртенің» кебі ме? Қай жауап та қате емес секілді. Осы жөнінде имамдар не дейді?

«Жалпы, тоқал алу дінімізде, шариғатымызда рұқсат етілген нәрсе. Бұған байланысты аяттарда да айтылған. Бірақ тоқал сыйлау мәселесіне келсек, ол біреудің қызы, қарындасы, енді біреудің әпкесі болғандықтан, сыйға тартатындай зат емес қой. Мен де интернеттен көріп, оны қалжың, мазақ ретінде жасалған болар деп топшылағанмын. Анығын бір Алла білер. Өйткен күннің өзінде мұны дініміз құптамайды. Мазақ қылу – тыйым салынған харам нәрсе. Мақтаныш көрудің үкімі де дәл сондай. Тоқал алу рәсімі шариғи тұрғыда іске асуы шарт. Азамат екеуіне тең қарап, аманаты ретінде қабылдауы керек. “Ан-Ниса сүресінің 3-аятында:  “Өздеріңе ұнаған әрі адал болған өзге әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленіп, отау құруларыңа болады. Егер бұл жағдайда да (әйелдеріңнің нәпақасын бөлуде бәріне бірдей қарайтын) әділ бола алмаудан қорықсаңдар, біреуін ғана қанағат тұтыңдар. Әділдіктен ауытқып кетпеулеріңнің ең тиімді жолы, міне, осы”, – делінеді. Негізі, мұндай кері қылықты видеоларды насихаттамаған, көпшілікке көрсетпеген дұрыс. Бұл қоғамдық мәселеге зор маңызбен қарау керек. Әр ата-ана қызын тоқалдыққа беріп жатып, мұндай қылықтан арланып, қорланатыны да анық», – дейді Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы.

Мұның артында қанша жерден екі жақты келісім болса да, жеке бас құқығының аяқасты етілуі жатқан жоқ па деген күдікті ой да қылаң береді. Амалдың жоқтығынан келісім беретін қыздардың көбеюі де әбден мүмкін ғой. Бара-бара «Тең – теңімен, тезек – қабымен» қағидаты бұзылып, бұл ушыққан әлеуметтік мәселеге ұласса қайттік? Әр қыз-келіншектің тағдыры өзінікі болғанымен, жас ұрпақтың қақысын, психикасын кім ойлайды? Қазір қолданыстағы Неке және отбасы туралы заңға сәйкес, бұл жағдайлар заңсыз деп есептеледі. Өйткені Қазақстанда екі әйел алуға, бір басқа екі неке тіркеуге рұқсат жоқ. Заңды некеге бір ғана әйелмен отыруға болады. Бұл үкімді бұзғандарға қандай жауапкершілік жүктелетінін тәртіп сақшыларынан сұрап білдік.

«ҚР заңнамаларына сәйкес, нақтырақ айтқанда, Неке және отбасы туралы заңға сай, екі адамның біреуінде болса да басқа некеде тіркеліп тұрса, оларға ерлі-зайыпты болуға жол берілмейді. Адамды ұрлау, сонымен бас бостандығынан айыру қылмыстық жаза болып есептеледі. Бұл адам саудасына қарсы күрес қылмыстарының санатына кіреді. Адамды еркінен тыс жар етіп алу дерегі тіркелсе, күдікті 3-тен 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан тоқал алу мәселесінде заң талабы сақталғаны дұрыс. Айта кетейік, облыста адам саудасына қарсы қылмыстардың жолын кесу үшін алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отырады», – дейді облыстық ПД Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұржан Әкімбеков.

Демек, тоқалды сыйлаушы да, алушы да Қазақстан заңын белшеден басып отырған болып есептеледі. Көп жұрттың құқықтық сауаттылығы төмен екенін осы жерден де аңғарып қаламыз. «Сыйлық тоқал» туралы оқырмандарымыздың да пікірін сұрап көрдік. Әрине, бәрі де бір ауыздан мұны дұрыс құбылыс деп қарамайтынын айтып отыр. Өскелең ұрпаққа өнеге болмайтын бұл мәселеге қазақ қоғамы жиренішпен қарауы керек деген көзқарасты ұстанушылар көп. Бұл, әсіресе, қалтасы қалың дөкейлердің ермегіне айналды дегенді айтады Анаргүл Шалғынбайқызы.

«Екеу емес, үш-төртеуден тоқал алған «әйдіктерді» көріп жүрміз. «Тоқал» деп ұрандағыш ер-азаматтар заманның ағысына, құбылысына бір қарауы керек шығар. Бүгінде әйелдің тағдыры, құқығы, құндылығы, еркіндігі, денсаулығы жан-жақты заңмен қорғалып жатқан жоқ па. Бұл құбылыс сол заңға көлеңке түсіреді деп ойлаймын. Тоқал алып, сайран құрып жүргендер – әйелін дін жолына кіргізіп, үсті-басын тұмшалап, ой-пікірін тұншықтырып отырған қалталылар ғой. Бір әйел, бір баланы көктете алмай отырып, екіншісін асыраймын деген желөкпелер де аз емес. Ондай әсіре әңгімені ауызбен көпірте беру оңай, ал оның артында біреудің қызының, қарындасының, еңіреп қалған тірі жетім баланың өмірі тұр. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қазақтың ұрпағымыз ғой. Ойлануымыз керек», – дейді ол.

Әлденеге еленбей қалған кезде «Мен тоқалдан туып па едім?» дейтін елдің ұрпағымыз. Қазақ жұртының кейде берекесі қашып, бірі былай тартып, бірі олай тартатыны сол бәйбіше-тоқалдың балаларынан шыққан, қанға сіңіп кеткен кесірлі дүние. «Сауап үшін алдым» деп ақталғысы келетін азаматтар бар. Бірақ солар науқас немесе перзент сүймеген, тағдыры қиын әйелдерге жуығысы келмейді. Уылжыған жас қызды қолтықтағысы келеді. Ал енді күйеуге тоқал сыйлау дейтін сорақылықты бұрын-соңды естіп пе едік? Бұған ұлт дүниетанымына қайшы келетін құбылыс деп қараған ләзім. Тежеу қойып, тоқтау салу да кеш емес сияқты…

Жаңалықтармен бөлісу