13 июля, 2025
Жеңіл өнеркәсіп – ауыр еңбек

Жеңіл өнеркәсіп – ауыр еңбек

Маусым айының екінші жексенбісі – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні. Бұл күн – тігін цехтарында, аяқ киім өндірісінде, тоқымада, киім дизайнында еңбек етіп жүрген жандардың кәсіби мерекесі. Біз бұл күні оларды құрметтеп, марапаттап жатамыз. Алайда, шын мәнінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласының даму деңгейі қандай? Қарапайым еңбек адамының үлесі мен еңбегі қалай бағаланып жүр?

 

Шағын цехтан қуатты фабрикаға

Қостанай өңірі кезінде жеңіл өнеркәсіптің көшін бастаған аймақтардың бірі болатын. Атақты «Алпамыс» аяқ киім фабрикасы мен «Большевичка» тігін фабрикасының аты аңызға айналған. Аға буын сол кездегі өндіріс қарқынын мақтанышпен еске алса, қазіргі жастарға бұл ертегі секілді көрінуі мүмкін. Өйткені қазір нарықты қырғыз, түрік, қытай өнімдері жаулап алған. Дегенмен, соңғы жылдары ел ішінде жеңіл өнеркәсіптің екінші тынысы ашылып келеді. Соның бір дәлелі – Қостанайдағы «Азурит» ЖШС өнеркәсіптік-сауда фирмасы. Арнайы жұмыс киімдері, мектеп формасы, күнделікті сырт киімдер мен спорттық киімдер тігетін бұл фабрика – өңірдің бетке ұстар кәсіпорнына айналған.

Компанияның негізін қалаушы Светлана Шипилкина жетекшілігімен кәсіпорын үнемі жаңарып, ассортиментін кеңейтіп келеді. Биыл «Азурит» спорт және белсенді демалысқа арналған киім өндірісін жолға қойып, «ПАТРИОТ» шаңғы комбинезонын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар, импортты алмастыру бойынша мемлекеттік тапсырмаларды да табысты орындап келеді.

 

Қарапайым тігіншіден бригадирге дейін

Осындай өндірісте күнделікті тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Зейнеп Жайлибаева. Ол бүгінде фабриканың бригадирі. Бірақ бұл қызметке бірден келген жоқ – тігіншілік жолын қарапайым шебер ретінде бастап, үлкен еңбекпен көтерілді.

Еңбек жолымды «Большевичка» тігін фабрикасында бастадым. Он бір жыл сол жерде жұмыс істедім. Кейін ательеде прокуратура қызметкерлеріне арналған костюмдер пительдерін тіктім. 2018 жылы жаңадан ашылған «Азурит» фабрикасына жұмысқа кіріп, алғашында небәрі 12 адаммен бірге тігін тігуді бастадық, – дейді Зейнеп апай.

Қазір фабрикада жүзден астам адам жұмыс істейді. Соңғы бір жарым жылда Зейнеп Жайлибаева бригадир болып еңбек етуде. Оның негізгі міндеті – әр шебердің жұмысына бағыт-бағдар беру, өндірістік тапсырманы үйлестіріп отыру, жас мамандарды үйрету.

– Мен үш айлық тігін курсын ғана бітірдім. Бірақ тігінге икемім бала кезден бар еді. Алғаш тоқумен айналыстым. Әжем мен анам да тіккен, мен солардың жолын жалғадым. Үйде де қарап отырмаймын – құрақ көрпе, қоржын, тойбастар дайындаймын. Бұл менің жан дүниемнің қалауы, – дейді ол.

 

Жастарға жол ашық

Зейнеп апай жас буынды үйретуге ерекше мән береді. Қазірдің өзінде фабрикада он студент тәжірибеден өтіп жатыр. Жастардың ынтасы мен шеберлікке деген құлшынысын көріп, үміт артатынын айтады.

Бүгінгі жастар тігінге қызығады. Қолынан келетін қыздар көп. Біз оларды өзімізге тартамыз, жұмыс ұсынамыз. Болашақ – солардың қолында. Сондықтан заманауи технологияларды меңгеруге бейімдейміз, – дейді ол.

Зейнеп Жайлибаева – өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар үлгілі отбасының тірегі. Жолдасымен 36 жыл отасып, екі бала тәрбиелеп өсірген. Жолдасы да еңбек адамы, өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.

 

Жаңа технология жұмысты жеңілдетті

Бүгінде фабрикада арнайы электронды тігін машиналары, фурнитура мен жаңа технологиялар жұмыс процесін жеңілдеткен. Алайда, Зейнеп апайдың айтуынша, бұл – еңбек сапасын арттырудың бір тетігі ғана. Бастысы – адам ниеті мен ықыласы.

Бұрын бір адам киімді толық тігетін. Қазір операциялық жүйе бойынша әрқайсысы бір бөлшекті тігеді. Бірі манжет, бірі қалта тігеді. Біз бірге біріктіріп, сапалы өнім шығарамыз. Кейде жас мамандарға бұл оңай көрінгенімен, бұл да – үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Ақмоншақ ДҮЙСЕНБЕК

ҚӨУ студенті

Суретке түсірген Бағдат Ахметбеков