Арқалықтағы облыстық №2 ғылыми – әмбебап кітапханада сын сағатта ел мақсатын алдыға шығара білген жандармен «Жадымда қалған желтоқсан» атты кездесу кеші өтті.
Желтоқсан оқиғасының куәгерлері: А. Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Жұмагүл Бекентаева, кітапхана ісінің ардагері Әлия Әубәкірова, жеке кәсіпкер Айгүл Сүлекеева, Сәуле Мырзахметова, «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» басшысы Дәмет Құсайыновалар кештің қадірлі қонағы болды.
Ұлы мереке Тәуелсіздік күнін ұлықтауға арналған тағылымды іс-шарада қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров сөз сөйлеп, «Желтоқсан оқиғасының» куәгерлеріне қала әкімінің «Құттықтау хаты» табысталды.
Кештің қадірлі қонақтары, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, сол бір ызғарлы күндердің естеліктерімен бөлісті.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін халқымыздың тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстар сияқты бұл жолғы бас көтеру де жаңшылды. Жазықсыз жастар аяусыз жазаланып, қудалауға ұшырады.
«Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. Желтоқсандағы жастар шеруін «Қазақ ұлтшылдығы» деп кінәләу қате деген Қаулы шығарды», – дейді Желтоқсан оқиғасының куәгері Әлия Қарсақбайқызы.
Желтоқсан оқиғасы – жылдар бойы шындығы бүркемеленіп, ақиқаты ашылмаған тарих. Мемлекеттің масштабта айтыла қоймаса да, бұл оқиға жайында ел арасында талай еңбек жазылды. Осы ретте көпшілікке кітапхананың Жаңа Қазақстанда жарық көрген тарихи оқиға жайында сыр шертетін баспасөз беттері мен әдебиеттерден тұратын кітап көрмесі таныстырылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы