Жуық арада көгалдандыру жұмыстарының қолға алынатыны белгілі. Көше бойын жағалай гүл көмкеріп, жасыл-желектің жайқалып тұрғаны кім-кімге де ұнайтыны анық. Ауқымды іске кіріспес бұрын Қостанай қаласының аумағындағы жасыл желектердің жай-күйіне кешенді зерттеу жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Зерттеу 34 алаңда жүргізіліп, топырақ қабатына химиялық талдау жасалыпты. Ауру түрлері мен зиянкестерден сынамалар алынып, зертханалық зерттеулер де жүргізілген. Мұндай талдау жұмыстары жасыл-желектердің қазіргі ахуалына баға беріп, алдағы уақытта болуы ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға септігін тигізеді.
Бүгінде Қостанай қаласында 33 жапырақты, 13 қылқан жапырақты ағаш, 29 жапырақты және 13 қылқан жапырақты бұта, 3 шырмауық өсімдік және 36 гүл шоғыры бар. Оның бәрі аймақтың климатына төзімді жасыл желектер. Бұл тізімге биыл ағаш пен бұталардың жаңа түрлері қосылады деп жоспарлануда.
Қымбат ДОСЖАНОВА