Қазіргі таңда Қазақстанның болашағы жастардың қолында екені жиі айтылады. Бұл – жай ғана ұран емес, мемлекеттің даму стратегиясының өзегіне айналған маңызды қағида.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап келеді.
Қостанай облысында да жастар саясатын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда мәселенің екінші жағы да бар: мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді жастар қаншалықты пайдаланып жүр? Облыстық әкімдікте өткен жиында өңір жастар саясаты мәселесі қаралды. Алғашқы болып баяндама жасаған Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Құлмағамбет облыста 210 мыңнан астам жас тұратынын мәлімдеді. Оның 133 мыңнан астамы қалаларда, 77 мыңнан астамы ауылдық жерлерде өмір сүреді.

«Жастар саясатын жүзеге асыруға биыл 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 897 миллион теңгеден астамы облыстық бюджет есебінен қарастырыл ған. Сандарға қарасақ, жастарды қолдауға бағытталған қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен мәселе тек қаржыда емес. Ең бастысы – оның тиімділігі мен нақты нәтижесінде. Облыста алты жоғары оқу орны мен ІІМ академиясы, 33 колледж жұмыс істейді. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 19,5 мыңнан астам студент білім алса, колледждерде 22 мыңға жуық жас оқиды. Қуантарлығы – кәсіпорындар кадр даярлау ісіне белсенді араласа бастаған. Мәселен, «ССКӨБ» АҚ-ның қаржыландыруымен 231 студент білім алуда. Сонымен қатар Allur, «Баян Сұлу», «Қазақстан алюминийі», «Қостанай Су» секілді ірі кәсіпорындар да өз болашақ мамандарын даярлауға қаржы бөліп отыр. Бұл – білім мен өндірістің байланысы нығайып келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс», – деді ол.
Соңғы бес жылда өңірде 60 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың өзінде үш мыңнан астам жас еңбек нарығына тартылған. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп келеді. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында биыл 1900 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 595 адам жұмысқа кірісті.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанымен, кейбір аудандарға жастар мүлде бармайды. Мәселен, өткен жылы Жітіқара ауданына осы бағдарлама арқылы бірде-бір жас маман бармаған. Ал Амангелді, Жангелдин, Науырзым аудандары мен Арқалық қаласына барған жастар саны саусақпен санарлық», – деді Әсел Құлмағамбет.
Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы аясында өңірдің көптеген жас азаматтары өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Соның арқасында Лисаковта би студиясы, Жітіқарада балаларды дамыту орталығы ашылып, ауыл шаруашылығына арналған цифрлық сервистер әзірленді. Алайда бұл жерде де мәселе бар. Биыл облыс бойынша байқауға небәрі 61 өтінім түскен. Бірқатар ауданнан бірде-бір өтінім берілмеген. Бұл жастарды ақпараттандыру жұмыстарының барлық жерде бірдей деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді.
«Қолдау тапқан жастар жобалары олардың авторларының өзін-өзі жүзеге асыруына және жұмыспен қамтылуына ғана емес, жастар ортасындағы көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге де мүмкіндік береді. Осы жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына 61 өтінім түсті. Оның 50-і облыстың бес қаласы мен ауданынан келген. Атап айтқанда, Қостанай қаласынан – 29, Лисаков қаласынан – 10, Жітіқара және Қостанай аудандарынан – 4-тен, Сарыкөл ауданынан 3 өтінім берілген. Ал Алтынсарин, Амангелді, Жангелдин, Қамысты, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданындағы, сондай-ақ Арқалық қаласындағы жастар мұндай байқауларға қатысуға қызығушылық танытпай ма, әлде бұл мүмкіндіктер туралы жеткілікті ақпарат алмай отыр ма?», – деді Құмар Ақсақалов.
Айта кету керек, Алтынсарин, Амангелді, Қарасу, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар жобаларын жүзеге асыруға қаржы қарастырылмаған. Облыс әкімі аталған мәселені шешу бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
