Картада көзге көрінетін шекара сызығының ар жағында тұтас бір жауапкершілік жатыр. Оны күзету – жай ғана әскери міндет емес, Отан алдындағы қасиетті борыш. Мемлекеттік шептің әр шақырымында ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігіне деген сенім тұр. Сол сенімді ақтап, күн-түн демей шекара тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар мен офицерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық.
Биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына 34 жыл. Ал тамыздың 18-і күні кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы айтулы датаға орай орталық алаңда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жиына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, сөз сөйледі.

«Біз жай ғана бір кәсіби мерекені атап өту үшін жиналған жоқпыз. Елдің ең қасиетті шебінде тұрған, отанның тыныштығы мен тәуелсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы сыртқы саясатымен, сарабдал, мықты дипломатиясымен Қазақстан халықаралық қоғамдастықта бейбітшілік пен тұрақтылықты берік ұстанған мемлекет ретінде танылып келеді. Көршілес елдермен қалыптасқан өзара сенім мен тату қарым-қатынас шекарамыздың тыныштығы мен еліміздің қауіпсіздігін нығайта түсуде. Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Заң мен тәртіп шекарадан басталады. Мемлекеттік шекараны бұзуға жол бермеу, заңсыз әрекеттердің алдын алу және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – осы идеологияның ең нақты көріністерінің бірі. Шекара – бұл ата-бабамыздың қанымен, терімен, ерлігімен сақталған қасиетті жеріміздің шебі. Шекара – бұл Қазақстанның егемендігіне ешкімнің қол сұғуына жол бермейтін берік қалқан. Осы шепте тұрған әрбір шекарашының артында тұтас ел тұр. Оның артында миллиондаған қазақстандықтың тыныштығы, әр отбасының амандығы, балаларымыздың бейбіт болашағы тұр. Сіздер ел ұйқыға кеткенде сергексіздер. Сіздер боранда да, аязда да, аптап ыстықта да шекара шебін тастамайсыздар. Қостанай облысына 1300 шақырымнан астам мемлекеттік шекара учаскесі тиесілі. Осы алып шептің әрбір шақырымы сіздердің жауапкершіліктеріңізде», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Шекара қызметі – мемлекеттің қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды құрылымдардың бірі. Ал әскери қызметшілер тәуліктің қай мезгілі болмасын өз міндеттерін орындауға әркез әзір екенін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы Алмас Бекишев те өз лебізінде айтып өтті.

«Бұл күн – еліміздің тыныштығы мен шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы айбындылықты, ерлік пен батылдықты дәріптейтін күн. Мемлекеттік шекара – елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын қасиетті ұғым. Ата-бабамыз ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ даланы сыртқы жаулардан қорғау үшін сан ғасыр бойы қан төгіп, жанын беріп қорғады. Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген, түбегейлі бекітілген. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сан мәрте халықаралық аренада атап өтті. Жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін мемлекетіміздің шекарасын қорғаудағы еңбектеріңіз орасан. Осы тұрғыда кірпік қақпай ел тыныштығын күзетіп тұрған қызметкерлерімізде үлкен жауапкершілік жүгі бар. Осы айтулы күні шекара қызметінің барлық жеке құрамына қызметтік міндеттеріңізді атқаруда мықты денсаулық, кәсіби сергектік пен табандылық, қажымас қайрат, елге адал қызмет ету жолында биік жетістіктер, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін! Алға қойған мақсаттарыңыз әрдайым жүзеге асып, әрбір кезекшілік тыныш өтсін! Еліміз аман, шекарамыз берік болсын!», – деді Алмас Бекишев.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Алмат Джаржанов мемлекеттік шекараны қорғау – жоғары жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және Отанға деген адалдықты талап ететін абыройлы міндет екенін жеткізді.

«Шекара қызметі – мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге аса маңызды бағыттардың бірі. Осы жылдар ішінде шекарашылардың бірнеше буыны ел шебін күзетіп, өздерінің әскери антқа адалдығын және қызметтік міндеттерін мінсіз орындауға деген жауапкершілігін дәлелдеп келеді. Шекара – мемлекеттің қауіпсіздік шебі. Ал осы шептің беріктігі оны күзеткен шекарашылардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан күн сайын шекара тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген әрбір әскери қызметшінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Жоғары Бас қолбасшының тапсырмалары аясында шекаралық инфрақұрылымды жаңарту мақсатында автомобилдік шекаралық бақылау бөлімінің әкімшілік ғимараттары салынуда. Сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік шекараны күзетуге қажетті жағдайлар жасалып, шекара бөлімшелерінің қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар шекарашылардың қызметтік міндеттерін тиімді орындауына және ел шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда», – деді Алмат Джаржанов.


Шекарашы болу – қырағылық пен табандылықты, батылдық пен тәртіпті талап ететін жауапты мамандық. Шекара бекетіндегі әр кезекшілік, әрбір бақылау, әрбір шешім ел қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан шекара қызметіндегі әскери қызметшінің серті мен міндеті ерекше мәнге ие. Есбол Бөгетбай Қостанай облысы Департаментінің Қарабалық шекара бөлімшесінің Аят шекара бөлімшесі застава бастығының орынбасары. Биылғы жылғы түлек. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясын қызыл дипломмен аяқтаған. Аға лейтенент шенін Президенттің қолынан алған.

«Біз мемлекеттік шекараны күзетуді және қорғауды жүзеге асырамыз. Шекара шебіндегі сызықта мемлекеттік шекара режимінің сақталуын, шекара режимінің сақталуын, ондағы өткізу пунктіндегі режимнін бақылап, көлік құралдарының мемлекеттік шекарадан заңға сәйкес өтуін қадағалаймыз. Амангелді ауданының тумасымын. Биыл Президент жарлығымен үздік түлектерге өзінің қызмет атқару орнын таңдау мүмкіндігі берілді. Сол мүмкіндікті пайдаланып, мен туған жерімді таңдадым. Менің отбасымдағы ата-анам, туған-туыстарым әскери қызметшілер емес, барлығы мұғалімдер отбасы. Мен отбасымда алғашқы әскери қызметші болып қызмет атқарып жатырмын», – дейді жас шекарашы Есбол Бөгетбай.
Мерекелік бағдарлама аясында әскери қызметшілердің салтанатты сап түзеуі, марапаттау рәсімі және әскери оркестрдің концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтарына әскери техника мен қару-жарақ үлгілері таныстырылады. Қызметтік иттің қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.

Бұл іс-шараның тәрбиелік мәні де зор. Әсіресе жас буын үшін шекарашылардың қызметімен танысу – Отан қорғаудың маңызын түсінуге, әскери мамандыққа қызығушылық танытуға және елге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға жол ашады. Шекара берік болса – ел тыныш. Ал ел тыныштығы – әр азамат үшін ең қымбат құндылық.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
