Қостанай облысында мыңнан астам жас мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Оның ішінде 150-ден көбі әртүрлі басшылық лауазымға тағайындалған.
Білікті жастарды елді мекендерге мемлекеттік қызметке тарту – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Жас маман жаңашыл идея ұсынып, оны жүзеге асыру үшін барын салары анық. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті белсенді жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын жүзеге асыруда.
– Мемлекеттік қызмет істері агенттігі рекрутинг процестерін үнемі жетілдіріп отырады және «таланттарды басқару» тетіктерін практикада қолданады. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жастардың мемлекеттік қызметке орналасуы жеңілдеді. Осы жылы қаңтар айынан бастап өтініштерді қабылдау жүргізілді. Нәтижесінде 40-тан астам өтініш келіп түсті. Олардың арасында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттері белсенділік танытты, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров.
Жоба арқасында көптеген ЖОО білім алатын студенттер мемлекеттік қызмет саласы жайлы қажетті ақпаратты біле алады дейді департамент басшысы. Сондай-ақ, өз қалауларынша мемлекеттік органдардан тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері бар.
– Оған қоса, осы жылы барлық облыстарда «Өңірлік кадрлық резерв» жаңа жобасы басталғалы жатыр. Бүгінде резервті құру рәсімдері талқылануда. Жастарға өздерін көрсетуге, батыл бастамалар көтеруге және оларды іске асыруға тікелей қатысуға мүмкіндік бере отырып, біз жастарды елдің қоғамдық және әлеуметтік – экономикалық даму процесіне тартуға қол жеткіземіз, – деді Асхат Искендиров.
Сералы МЫРЗАБАЙ