Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік Жастар кадрлық резервінің форумына қатысты. Бұл – Президенттің алғашқы жария бастамаларының бірі.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілу үстінде. Мемлекетіміздің өркендеуі үшін шешуші жаңа қадамдар жасалып жатыр. Осы мүдде жолында сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті, білімді, нағыз патриот азаматтар мемлекетті басқару ісіне белсенді қатысуға тиіс. Билік өкілдері әрқашан халықпен тығыз байланыста болуы керек. Олар кез келген мәселені уақтылы шешуді басты міндеті санауы қажет.
Дәл осындай құндылықтар “халық үніне құлақ асатын мемлекетте” мықтап бекуі шарт. Президент мемлекеттік қызметшілердің жаңа мәдениеті мен құндылық бағдарларын қалыптастыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның пікірінше, барлық салада, әсіресе, мемлекеттік органдарда заң мен тәртіптің үстемдігі қағидаты қатаң сақталады.
Әулиекөл ауданының қоғамдық пікірінің көшбасшысы ретінде Президенттің Жастар кадрлық резервінің қатысушыларына жолдаған мына сөздері маған ерекше әсер етті:
“Заң мен тәртіптің диктатурасы болуы керек. Онсыз біз өз елімізді осы күрделі геосаяси жағдайда ұстап тұра алмаймыз. Мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бүкіл қоғам заңға бір кісідей бағынуы керек. Бұл демократияны шектеу дегенді білдірмейді, керісінше, бұл біздің елде еркін, жетілген демократияны құруға негіз береді”.
Президенттік Жастар кадрлық резерві Қазақстанның дарынды жастары үшін бірегей әлеуметтік лифтке айналды. Бұл мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік және жеке секторларда меритократия қағидаттарын жүзеге асырудың жарқын үлгісі. Бүгінгі таңда резервшілер елдің игілігі үшін жұмыс істеп, экономиканың негізгі салаларында жемісті еңбек етіп жатыр. ПЖКР қатысушыларының жедел шешім қабылдауға және өзгермелі жұмыс жағдайларына тез бейімделуге қабілетті басшы боларына шүбә жоқ. Мұндай мамандарға зор жауапкершілік жүктеледі, өйткені олардың басты міндеті – мемлекет мүддесін қорғау.
А.Б. Жансүгірова,
Қазақстан Мәслихаттарының Құрметті депутаты,
Әулиекөл ауыл шаруашылығы коледжінің директоры.