Сәрсенбіде Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автожолдардың жағдайы туралы айта отырып, мұндай жобаларға шетелдік емес, отандық компанияларды тартуды тапсырды.
“Талдау көрсеткендей, Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға арналған тендерлерді әдетте шетелдік компаниялар жеңеді. Мұндай жобаларға тиісті біліктілігі мен қажетті техникасы бар отандық компанияларды тарту қажет”, – деді президент.
“Жол салу және оны күтіп ұстау – қашанда күйіп тұрған тақырып. Мемлекет басшысының бұл мәселеге тағы да бір мәрте назар бағыттап басып айтқаны дұрыс болды. Осы орайда жергілікті әрі отандық компаниялардың әлі қалыс келіп жатқаны рас. Заманның талабына сай жол-техникалық парк үнемі жаңарып отыруы керек. Шетелдің алдыңғы қатарлы компанияларынан тәжірибе жинақтап, оны еліміздің жолдарын сапалы салуда қолдануымыз маңызды. Бұған жергілікті компаниялардың өздері талпынуға тиіс. Ал, біздің орталық жол саласының жақсаруына өз үлесін қосуға қашанда дайын”, – дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының директоры Рафис Зинетов.
Ол бұл үшін автожолдарды салу жөніндегі жобаларды локализацияның жоғары дәрежесі бар жол техникасы өндірістерін құрумен байланыстыру қажет екенін айтты.