Жастар сот төрелігін тәжірибе жүзінде көрсетті

Жастар сот төрелігін тәжірибе жүзінде көрсетті

Қостанай облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң іс жүзінде: ойын форматындағы сот процесі» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің бас корпусында өткен шараға облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінен 300-ге жуық студент жиналды.
Мұндай іс-шара Қостанай облысында алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылып отыр. Оған Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері қатысты.

Ойын сотының басты ерекшелігі – студенттер сот процесін толығымен өздері сахналап, судья, прокурор, адвокат, куәгер, жәбірленуші және айыпталушы рөлдерін сомдады. Олар сот отырысының негізгі кезеңдерін көрсетіп, тараптардың ұстанымдарын қорғап, дәлелдер ұсыну арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды.

«Sanaly Urpaq — 2050» қоғамдық қоры жобасының менеджері Руслана Карпыкова мұндай форматтағы іс-шараның жастар үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыруда теориялық біліммен қатар, заң нормаларын өмірлік жағдайлар арқылы түсіндірудің маңызы зор. Ал ойын соты жастарға сот процесінің ерекшеліктерін тереңірек түсініп, өз құқықтары мен міндеттерін саралауға мүмкіндік береді.

blank

Сот процесінің негізгі тақырыптарының бірі – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын дропперлік болды. Қатысушылар арнайы әзірленген сот көрінісі арқылы азаматтардың банк шоттарын алаяқтық мақсатта пайдаланудың құқықтық салдарын көрсетті.
Бүгінде көптеген азаматтар, әсіресе жастар, алаяқтардың арбауына түсіп, өздерінің банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға берудің қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермейді. Сахналанған сот процесі осындай әрекеттердің соңы қандай құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін нақты мысал арқылы көрсетті.

Іс-шараға облыстың түрлі жоғары оқу орындары мен колледждерінен келген 300-ге жуық студент көрермен ретінде қатысты. Зал жастарға толып, ойын соты қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығын тудырды. Көрермендер сот отырысының барысын бақылап қана қоймай, құқықтық мәселелердің күнделікті өмірмен тікелей байланысты екенін түсінуге мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай интерактивті формат жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және заңға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара «Sanaly Urpaq – 2050» қоғамдық қоры тарапынан Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Қостанай облысының прокуратурасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» идеологемасы шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру жөніндегі кешенді іс-шаралар» жобасы бойынша ұйымдастырылды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді ұсынған Қостанай өңірлік университеті