Қостанайда «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» тақырыбында студенттер мен оқушыларға арналған интеллектуалды агрохакатон ұйымдастырылды. Іс-шараға жоғары оқу орындарының студенттері, колледж білім алушылары және жоғары сынып оқушылары қатысты.

Аталған хакатонды «Ауыл» партиясы жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін жетілдіру мақсатында өткізді. Сонымен қатар, бұл бастама өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық идеяларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

«Бұл іс-шара еліміздің 20 облысында өтіп жатыр. Бұған 16 жасқа толған жастар қатыса алады. Бұл өңірлік байқаудан жеңген жеңімпаз республикалық деңгейде бақ сынайтын болады. Барлық шығынды Ауыл партиясы көтереді. Хакатон осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», дейді партияның Қостанай филиалы Жастар қанатының төрағасы Мұратхан Сүйіншібаев.

Хакатон барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы, экология, цифрландыру және тұрақты даму салаларындағы нақты проблемаларды талқылап, өз жобаларын ұсынды. Командалар креативтілік, аналитикалық ойлау және білімдерін тәжірибеде қолдану арқылы тың шешімдер әзірледі. Әр жоба өзектілігі, жаңашылдығы және жүзеге асыру мүмкіндігі тұрғысынан бағаланды.

«Мен бұл жобаға VR көзілдірігі арқылы ақпарат алу бойынша жобамен келдім. Информатика пәні мұғалімі маған жетекшілік етті. Хакатон өте қызықты өтіп жатыр. Бұндай жобалар біздің білімге деген құштарлықты арттырады», — дейді Рудный қаласынан келген 11 сынып оқушысы Назима Бекназарова.

Іс-шара соңында үздік деп танылған жобалар сарапшылардан құралған қазылар алқасына ұсынылып, жоғары бағасын алды. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды.

«Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» хакатоны жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың идеяларын нақты жобаларға айналдыруға жол ашқан маңызды алаңға айналды.
БОТА МАНЕТ
