Егіс науқанына дайындық туралы облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов мәлімет берді.
Биыл астық және бұршақ дәнділер 4 млн гектардан астам танапқа егіледі. Оның ішінде бидай алқабы 3,5 млн гектарды қамтиды. Ал майлы дақылдарға тиесілі аумақ – 887 мың га. Былтырғымен салыстыра қарасақ, егістік жер көлемі әжептәуір кеңейе түскен.
«Әлеуметтік маңызы бар дақылдар туралы айтар болсақ, қарақұмық – 17,1 мың, картоп – 7,5 мың, көкөністер 510 гектарға егіледі. Жемшөп дақылы алқабы 559 мың гектарға ұлғайды. Жалпы, барлық дақыл егістігі өткен жылғы ауқымнан артық болмаса, кем емес», – дейді Ибрагим Бекмұхамедов.
Егіс жұмыстарына қажет тұқым көлемі де жеткілікті деңгейде әзірленген – 514,2 мың тонна. Шығымды ұлғайту және өнім сапасын арттыра түсу үшін шаруалар жыл сайын сұрыпты жаңартып отырады. Осы бағытта облыста төрт ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Олар супер элиталы тұқым өндіреді. Оның сыртында 19 элиталы тұқым және 32 тұқым шаруашылығы нысаны бар. Бұдан бөлек, өзге өңірлерден және шетелден тұқым әкелумен 23 аттестацияланған кәсіпорын айналысады.
«Былтыр облыста элиталы тұқым шаруашылықтар 37,1 мың тонна түпнұсқа және элиталы тұқым, сондай-ақ 55,7 мың тонна 1-ші репродукция тұқымын өндірді. Нәтижесінде 93 тоннаға жуық жоғары репродукциялы тұқым әзірленді. Бұл сұрыпты жаңартуды көздейтін диқандарды қамтуға жеткілікті», – дейді басқарма басшысы.
Минералды тыңайтқыштар сатып алу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде өңір кәсіпкерлері 50,3 мың тонна тыңайтқыш алуға келісім-шартқа отырған. Қазіргі күні «ҚазАзот» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС 22 мың тоннасын жеткізіп берді. Олар – отандық, өзбекстандық және ресейлік өнімдер. Айта кетері, отандық тыңайтқыш 60%, шетелдік өнім 50% субсидияланады. Биыл бұған 11,1 млрд теңге бағытталған.
«Облыста егіс науқанына жеңілдетілген бағамен 73,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Кәсіпкерлер үшін литрі 281 теңге болды. Отынды зауыттардан жеткізіп берумен 19 оператор-тасымалдаушы айналысады. Олар жыл сайын диқандарды уақытылы қамсыздандырып отыр. Бүгінде зауыттардан өңірге 14,2 мың тонна жеткізілді. Жұмыс жалғасып жатыр», – дейді И.Бекмұхамедов.
Дала жұмыстарына техника да сақадай сай отыр. Биыл 18,8 мың трактор, 21,9 мың тұқым сепкіш, 1,3 мың егіс кешені алқапқа шығады. Дайындық максимал деңгейде. Бұл – егіс науқанын оптималды мерзімде, 15-20 күнде аяқтауға мүмкіндік бар деген сөз. Бұдан бөлек, ең маңыздысы, қазір егін егу жұмысын жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы қаржыландыру шаруасы да белсенді жүріп жатыр.
«Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ арқылы өтінім қабылдау былтыр 1 қазанда басталды. Осы кезге дейін ауыл шаруашылығы құрылымдары құны 43,2 млрд теңге болатын 573 өтінім берген. Оның 418-і мақұлданып, 30 млрд теңгемен қамтылды. Мақұлдаудан өтіп, төлем жасау кезеңінде отырған тағы 65 өтінім бар. Оның жалпы құны – 3,9 млрд теңге», – дейді бұл жөнінде басқарма басшысы.
Мұның сыртында, «Тобыл» ӘКК» арқылы 35 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделіп отыр. Осы сомаға сай келетін 54 өтінім қабылданған. Оның әзірге 16,9 млрд теңгесі беріліпті. Форвардтық сатыпалым бағдарламасы бойынша Азық-түлік корпорациясы арқылы да облысқа 15 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы игеріліп, корпорация қосымша қаражат есебінен қаржыландыруды жалғастырып жатыр.
«Осы кезеңде аталған бағдарламамен облыс шаруашылықтары 18 млрд теңгеге 134 өтінім берді. Бүгінде олардың 130-ы мақұлданып, 15,1 млрд теңгесі төленді. Бұл сомаға жиын-терімнен кейін шаруашылықтар корпорацияға 205,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге тиіс», – дейді спикер.
Егін шығымына күзгі, қысқы және көктемгі ылғар қоры да зор ықпалын тигізеді. Қазгидромет мәліметінше, былтырғы қыркүйектен бері өңірде орта есеппен 150,9 мм жауын-шашын түскен. Анағұрлым көп ылғал Федоров, Денисов, Майлин және Қостанай аудандарында сақталып отыр. Күн райын болжаушылар сәуірде ауа температурасы нормадан 1 градус жоғары болатынын айтады. Мамырда да осы көрсеткіш сақталмақ.
«Осыған байланысты егіншілерден топырақ ылғалын сақтауға мейлінше шара қолдануды сұраймыз. Ылғалдылық пен күн райын қадағалай отырып, егін егу мерзімін мұқият анықтау қажет. Ғылыми мекемелердің ұсынысын басшылыққа алған жөн», – деген ескертпе айтты басқарма басшысы.
13 наурыздан бастап, күндізгі ауа температурасы +1 градус көрсетіп, күн сайын жоғарылап отырды. Бұл қардың тез еруіне әсер етті. Осыған байланысты шаруалар да науқан алдында топырақты өңдеу үшін агрегаттарын дайындауға белсенді кірісіп кетті. Егіс уақытылы басталып, ойдағыдай тәмамдалады деген үміт бар.
Ж.Балғынбекұлы
