Сүйінші жаңалық. Дүбірлі додаларда ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген белгілі спортшы, жерлесіміз, Арқалық қалалық балалар — жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресінен оқытушы — жаттықтырушысы Данияр Карпықов Дзюдодан Қазақстан жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Данияр Серікұлы 1987 жылы 20 сәуірде Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Жаркөл ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2009 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолында жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап қазіргі таңға дейін Арқалық қалалық балалар — жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен оқытушы -жаттықтырушы болып қызмет атқарып келеді.
2007 жылы қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионатында орын алып, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Спорт шебері атанды. Дзюдодан Бүкілресейлік турнирде ІІ-орын алса, Халықаралық жарыста ІІІ орын иеленді.
Қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», дзюдо күресінен «Спорт шеберіне үміткер», жоғары санаттағы жаттықтырушы. Қостанай облысы бойынша дзюдо күресінен жастар арасындағы аға-жаттықтырушы.
2007 жылы шаңырақ көтерген. Жұбайы Маржан Ахметова екеуі отбасында Наргиз, Ерасыл, Аяна атты үш бала тәрбиелеп отыр.
«Өмір жолымда қандай да бір жетістікке жетіп жатсам ол халқымның ықыласы деп білемін. Сондай – ақ, қай сапарға шықсам да батасын беріп шығарып салып, тағатсыздана күтіп отыратын аяулы анама алғысымды білдіремін», – дейді Данияр Серікұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
