Жастар денсаулықты таңдады: айтарын бояумен бейнеледі

Жастар денсаулықты таңдады: айтарын бояумен бейнеледі

Жыл сайын 7 сәуірде әлем жұртшылығы Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өтеді. Осы атаулы күнге орай Қостанай қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Денсаулық – жастар көзімен: біз есірткіге қарсымыз» атты көрме ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу. Көрме барысында келушілер назарына денсаулық тақырыбына арналған ақпараттық материалдар, мазмұнды плакаттар мен танымдық әдебиеттер ұсынылды.

Шара аясында мамандар жастарға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олардың айтуынша, есірткі ең алдымен адамның ойлау қабілетіне кері әсер етіп, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігін әлсіретеді. Сонымен қатар жүрек, бауыр, өкпе және иммундық жүйеге айтарлықтай зиян келтіріп, түрлі ауыр әрі жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырады.

Қостанай қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау бөлімінің бастығы Диас Нургалиев жастарға үндеу жасап, олардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

– Бүгінгі жастар – елдің ертеңі. Әрқайсысыңыз өз денсаулықтарыңыз бен болашақтарыңыз үшін жауаптысыздар. Есірткі – адам өмірін құрдымға апаратын қауіпті жол. Сондықтан зиянды әдеттерден аулақ болып, білім мен спортты серік ету қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың білімді, белсенді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына әрдайым ерекше көңіл бөлетінін атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – деді ол.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар да мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Солардың бірі Гүлнара Байназарова:

– Осындай шаралар балалардың санасында есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастырады. Сурет салу арқылы олардың шығармашылық қабілеті дамып, рухани дүниесі байиды. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса қажет тәрбиелік жұмыстардың бірі, – деп өз пікірін білдірді.

Көрмеге қатысқан жас суретшілер де өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі Айлана Бекболатова:

– Мен сурет арқылы өмірді насихаттағым келеді. Есірткі – адам өмірін бұзатын зиянды нәрсе. Ал спорт пен салауатты өмір салты адамға қуаныш пен бақыт сыйлайды, – деді.

Жалпы, шара барысында жастар денсаулықтың адам өміріндегі ең басты құндылық екенін ерекше атап өтті. Олар салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және білімге ұмтылу – әрбір жастың басты мақсаты болуы тиіс деген ортақ пікірге келді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас ұрпақтың бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастырып, қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Өйткені дені сау ұрпақ – ел болашағының берік кепілі.

Диана Алмасқызы,

ҚӨУ студенті