Қазір есірткінің заңсыз айналымы қоғамға зор қауіп төндіріп отыр. Ал оларды «жасырып кету» тәсілімен тарату жиі қолданылатын құбылысқа айналды. Осындай жағдайларда әр азамат не істеу керегін біліп, алдымен өзінің жеке қауіпсіздігін сақтаудың қамын жасауға тиіс.
Басты қағида – жеке қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы керек, сондықтан күмәнді заттарға қол тигізуге және күдікті адамдарды өз бетінше ұстауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар барлық әрекет ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Егер азамат есірткіге ұқсас «жасырылуы затты» байқаса, ол алдымен затқа қол тигізбеуі керек. Бұдан кейін заттың нақты орналасқан жерін белгілеп, мүмкіндігінше фото немесе видеоға түсіріп алу ұсынылады.
Одан кейін дереу 102 нөміріне хабарласып, операторға нақты мекенжайды, жақын маңдағы бағдарларды және заттың сипаттамасын толық жеткізу қажет. Полиция қызметкерлері келгенге дейін, мүмкін болса, қауіпсіз арақашықтықтан затты бақылауда ұстауға болады, бірақ ешқандай жағдайда оған жақындауға болмайды. Әрі қарай барлық әрекет тек полиция қызметкерлерінің нұсқаулары негізінде орындалуға тиіс.
Ал егер есірткіні таратушы болуы мүмкін күдікті тұлға анықталса, онда онымен байланысқа түспеу қажет. Мұндай жағдайда азамат күдікті адамның сыртқы келбетін, яғни шамамен жасын, бойын, киімін, ерекше белгілерін, сондай-ақ оның қозғалыс бағытын есте сақтауға тырысқаны жөн. Егер күдікті адам автокөлік пайдаланса, оның мемлекеттік нөмірін де жазып алу маңызды. Осыдан кейін дереу 102 нөміріне жүгініп, операторға барынша толық ақпарат беру керек. Сонымен қатар күдіктіні қауіпсіз арақашықтықтан бақылауға болады, бірақ онымен жақындасып сөйлесуге немесе әрекет жасауға болмайды.
Аталған талаптарды сақтамау заң алдындағы жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін де ескеру қажет. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 112-бабында қажетті қорғаныс шегінен шығу жауапкершілігі қарастырылған. Ал 125-126-баптарында заңсыз бас бостандығынан айыру үшін жаза белгіленген. Сонымен қатар 296–297-баптарда есірткі заттарын заңсыз сақтау немесе тарату қылмыс болып саналатыны анық көрсетілген.
Қорытындылай айтқанда, есірткіге қарсы күресте әр азаматтың үлесі маңызды болғанымен, басты міндет құқық бұзушыларды өз бетінше ұстау емес, құқық қорғау органдарына дер кезінде және дұрыс ақпарат беру екенін ұмытпау қажет. Осындай сауатты және заңды әрекеттер арқылы ғана қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.
