Жастар арасындағы экологиялық слет

Жастар арасындағы экологиялық слет

Лисаковта өткен ауқымды экологиялық слет жастарды табиғатты қорғауға және өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге жұмылдырды. «Алый парус» базасында бас қосқан 80-ге жуық ерікті мен жастар ұйымдарының өкілдері өз аудандарындағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша тың идеяларын ортаға салды.

Іс-шараны «Neco» экологиялық клубы» қоғамдық қоры облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан» қағидаты аясында жүзеге асырылатын «EcoZhas» жобасы шеңберінде жастар мен еріктілер арасында экологиялық идеяларды ілгерілету» жобасы аясында ұйымдастырды.

Үш күнге созылған слет бағдарламасы өте қарқынды өтті. Қатысушылар алдымен эко-кәсіпорындар мен тәлімбақтарға экскурсия жасап, тәжірибе жинақтаса, кейіннен республикалық және облыстық деңгейдегі сарапшылардан экологиялық волонтерлік, ұқыпты тұтыну, зооволонтерлік, қалдықтарды қайта өңдеу және қайта пайдалану, көгалдандыру, жаңартылатын энергия көздері, экологиялық және климаттық жобалар, сондай-ақ экология мен волонтерлік саласындағы халықаралық тәжірибелер бойынша құнды білім алды. Спикерлер мен сарапшылар ретінде республикалық және өңірлік деңгейдегі Асыл Окапова, Людмила Евженкова, Ольга Соловьева, Динара Шадрина, Генадий Ипатов, Азим Жанбуршинов, Жұмат Бауыржан және Татьяна Миронюк сынды мамандар болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аймақтағы проблемалық аймақтарды анықтап, оларды шешудің нақты стратегияларын әзірлеу болды. Жастар өз жобаларын қорғап, үздік бастамалар жеңімпаз атанды. Солардың бірі – Науырзым ауданынан келген делегацияның жобасы.

Науырзым ауданының ресурстық орталығының директоры Айна Дәулетханқызы өз командасының слеттен алған әсерімен бөлісіп, жеңіске жеткен жобалары туралы айтып берді.

«Біз бұл эко-лагерге арнайы дайындалып бардық. Слет барысында әр аудан өз аймағындағы экологиялық түйткілдерді көтеріп, жобаларын қорғады. Біз өз жобамызда ауданымыздағы бұлақтарды сақтап қалу мәселесін таңдадық. Қазіргі таңда Науырзымда ашық жатқан 3-4 бұлақ бар. Біздің жобамыз – сол бұлақтардың маңында сенбіліктер ұйымдастырып, экологиялық тақтайшалар орнату және арнайы жәшіктер қою арқылы табиғи мұрамызды қорғап қалу», – деді Айна Дәулетханқызы.

Оның айтуынша, халық бұл игі іске өздері атсалысып жатыр, ал еріктілер қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Лагерде өткен түсіндірме жұмыстары бізге қатты ұнады. Мәселен, қоқысты қалай сұрыптау керектігі, «Таза Қазақстан» акциясы аясында алдағы уақытта қалай жұмыс істеу керектігі бойынша мол ақпарат алдық. Нәтижесінде, «Мөлдір бұлақ – Науырзымның табиғи мұрасы» атты жобамыз жеңімпаз атанды. Ендігі кезекте бөлінген қаржы аясында бұлақ суларының тазалығын зерттеп, оның ішуге жарамдылығын тексеріп, айналасын абаттандыру ісін қолға аламыз», – деп түйіндеді Айна Дәулетханқызы.

Слет соңында қатысушылар дәстүрлі «Нас здесь не было!» акциясын өткізіп, демалыс аймағының аумағын толықтай тазалап, экологиялық мәдениетті өз іс-әрекеттерімен дәлелдеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ