Қостанайда «Кондитерлік астана» өндіріс кешені іске қосылды

Қостанайда «Кондитерлік астана» өндіріс кешені іске қосылды

Қостанай брендтерінің бірегейі – «Баян Сұлу» компаниясы «Кондитерлік астана» кешенін іске қосты. Кең ауқымды технологиялық кешен тәттілер зауытының өндірістік қуатын тонналап арттырмақ. Дамудың жаңа сатысына көтеріліп, экспорт әлеуеті кеңейіп, 260 жаңа жұмыс орны ашылғалы отыр. Игілігі мол инвестициялық жобаның жүзеге асуы – өңір экономикасындағы елеулі оқиға.

Тарихына үңілсек, фабриканың негізі 1974 жылы қаланған. Алғашқы мамандар сырттан алдырылып, олар жаңа кондитерлерді даярлады. Содан бері бұл сабақтастық үзілмей келеді. Ал кәсіпорынға «Баян Сұлу» атауы 1993 жылы берілген еді. Бүгінде ол жылына 50 мың тоннадан астам өнім шығарады. Оның жартсына жуығы ТМД елдеріне, Қытай, Моңғолия, Шығыс Еуропа және Оңтүстік Кореяға экспортталады. Енді, міне, осы алпауыт кәсіпорынның іргесі кеңейе түсіп отыр. Құны 14 млрд теңгелік жобаның іргетасы былтыр жыл басында қағылған-ды. Бисквит, піспенан (печенье) өндірісін ұлғайтатын бұл кешен фабриканың өндірістік қуатын 16,6 мың тоннаға еселемек. Жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық шикізатты өңдеу ауқымы артып, экспорт көлемін  ұлғайтуға даңғыл жол ашылады. Сондай-ақ бұдан бюджетке 500 млн теңге салық түсетінін де қоса кетейік…blankblankblank

                 «Осыдан 2,5 жыл бұрын біз осы жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін талқылаған кезде, оған «Кондитерлік астана» деген атау ойлап тапқан едік. ​Өйткені дәл бүгін осы фабриканың ашылуымен Қостанай облысы еліміздің кондитерлік астанасына айналады. Ал енді «Баян Сұлу» өнімдері жалпыға белгілі. Бұл бүгінде тек біздің облыстың емес, еліміздің де бренді. ​Тәттілеріміз шетелдегі миллиондаған тұтынушыға танымал. Өйткені «Баян Сұлу» өнімдерінің 40%-ы экспортқа кетеді. Сондықтан фариканың жоғары жетістіктері әлі алда. Баршаңызды осы қуанышты күнмен құттықтаймын!» – деді Құмар Ақсақалов кешеннің ашылу рәсіміндегі сөзінде.

blankІс-шараға арнайы келіп қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бұл кешеннің іске қосылуы экспорт әлеуетін арттырып қана қоймай, импорт үлесін кемітуге ықпалды болатынын айтты. Ол еліміздегі кондитер саласының қазіргі ахуалынан, қолдау шараларынан дерек бере келіп, «Кондитерлік астананың» келешек мүмкіндіктері зор екенін алға тартты.

                «Бұл оқиға – отандық өндірісті дамыту шараларының нақты нәтижесі. Жаңа кешеннің импортты алмастыруға, елді отандық өніммен қамсыздандыруға және өндірістік әлеуетті арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, елдегі кондитер саласының даму динамикасы жақсы. Кейінгі алты айда 127 мың тонна өнім өндірілген. Былтырғы көрсеткіштен он пайыз жоғары. Осы мерзімдегі экспорт 145 млн долларға тең болды. Бірақ ішкі нарықты қамту үлесі 55% ғана. Сондықтан алдымызда импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық өнімді көбейте түсу міндеті тұр. Министрлік жеңілдетілген несие, инвестициялық субсидия, кемітілген салық түріндегі нақты шаралар қабылдап жатыр. Нәтиже де олқы емес. Соның бір жарқын мысалы – осы өндірістік кешен. Мұның отандық өнім үлесін арттыруға зор ықпалы болады деп сенеміз», – деді вице-министр.

blankblankКешен шетелдік озық технологиялармен жабдықталған. Өндіріс желілері еуропа елдерінен әкелінген соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылды. Сондай-ақ жұмыс орындарына да білікті мамандар тартылып, жастар жағы арнаулы тәжірибеден өтіп, автоматтандырылған қондырғылардың тілін меңгереді. «Кондитерлік астананың» қамтылымымен толық танысып шыққан меймандар нысанның жарақтандырылуына жоғары баға беріп отыр. Мәселен,  Германияның Қазақстандағы бас елшісі Маттиас Кислер мұны шетелдік фабрикалардан бір мысқал кем түспейтінін сөз етті.blank

                «Әуелі осы маңызды іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Қостанай өңірін кондитер астанасына айналуымен құттықтаймын. Мені кешенге орнатылғын технология таңғалдырды. Құрылыс кезінде еуропа елдерінде өндірілген машиналар, соның ішінде германиялық құрылғылар орнатылғанына тәнті болдым. Бұл фабрика еуропадағы кез келген фабрикамен иін тірестіре алады деп есептеймін.  Жеке бизнес пен саясат бірлесе жұмыс істесе, қашан да нәтиже дәл осындай болмақ. Бұл Германияның да көп жылдық тәжірибесі. Жаңа кешенге зор табыс тілеймін», – деді Маттиас мырза.

blankҚұрылыс кезінде толықтай отандық материалдар қолданылыпты. Атап айтқанда, жергілікті металл құрастырылымдары, Шығыс Қазақстаннан әкелінген трансформаторлық кіші станциялар орнатылған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жөнінен мін жоқ. Ендігі міндет – кондитер өндірісін толық іске қосып, межеленген жоспарды жүзеге асыруға күш жұмылдыру.  «Баян Сұлу» АҚ басқармасының төрағасы Тимур Садықов елдегі тәтті өнімдер көлемін көбейтіп, әуелі ішкі сұранысты өтеу маңдайалды мақсатқа айналатынын айтты.blank

                «Былтыр жыл басында дәл осы жерде жаңа кешеннің алғашқы іргетасын қалап едік. Бүгін, міне, сол үлкен жұмыстың нәтижесін бірге көріп отырмыз. ​Кейінгі жылдары өнімге деген сұраныс өндіріс қуатынан асып түсті. Осы қажеттіліктен «Кондитерлік астана» жобасы қолға алынды. Жаңа кешенде Қазақстанда бұған дейін жаппай шығарылмаған жаңа өнім түрлерін шығарамыз. Бұл ішкі нарық үшін өте маңызды. Бүгінгі еліміздің кондитерлік өнімдерінің 60 пайыздан астамы – шетелдік өнім. Сондықтан алдымызда отандық өнімнің үлесін арттырып, содан кейін сыртқы нарықтарда орнымызды нығайту міндеті тұр», – деді Тимур Садықов.

​                blankОл болашақ жоспарын да бөлісе кетті. Алдағы жылдары тағы екі жаңа өндірістік желіні іске қосып, жылдық өнім көлемін 100 мың тоннадан асыру ойда бар. Осылайша, Қостанай елдің кондитерлік өнімдер орталығы ретінде түбегейлі шегенделмек. Бір жыл ішінде Sollich, Chocotech, Bühler сынды еуропалық жабдық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар негізінде күрделі кондитерлік өнімдерді шығаратын жаңа желіні іске қосу көзделіп отыр.blankblankblankКешен екі желіден тұрады. Бірінші желі америкалық піспенан (печенье), курабье, сондай-ақ әртүрлі салмалары бар піспенан түрлерін (тәтті желе, шоколад салмалары, дропстар) шығаруға арналған. Екіншісінде қантты піспенан өндіріледі. Қуаты жөнінен қолданыстағы баламалардан 1,5 есе асып түседі. Екі желіде жылына шамамен 15 000 тонна кондитерлік өнім шығарылмақ. Оған ұн, қант және қант шәрбаты сияқты жергілікті шикізат қолданылады. Логистикалық тораптарға техникалық шарттар толық алынған.blankblankblankblankblankblankblankТолығырақ – газеттің алдағы санында.

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ