Жас жұлдыздар өнер көрсетті

Жас жұлдыздар өнер көрсетті

Арқалықта «Шексіз балалық шақ» облыстық фестивалінің іріктеу кезеңі өтті.

Байқау облыстық білім басқармасының бастамасымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар дарынды балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.

Фестивальдің іріктеу кезеңінде Арқалық қаласының және көршілес Аманкелді ауданының жалпы білім беретін мектеп оқушылары, инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің тәрбиелеушілері және Арқалық арнайы мектеп-интернатының оқушылары өнер көрсетті.

Өнерлілер шеруі «Муза және балалар» көркемөнерпаздар шығармашылық байқауы, «Асыл мұра» сәндік-қолданбалы шығармашылық байқауы, «Ағаш ұстасы іс», «Слесарьлік іс», «Тігін іс», «Аспаздық іс» номинациялары бойынша кәсіби шеберлік конкурстарын топтастырған.

Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Арқалық қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің 4 – ші сынып оқушысы Бағдаулет Кенжебай «Мейірімді Алла» әнімен вокал номинациясы бойынша 1- ші орын иеленіп, Қостанай қаласында өтетін «Juldyzai» республикалық фестивалінің гала – концертінде өнер көрсететуге жолдама алды.

Аманкелді ауданынан «Муза және балалар» байқауы бойынша 4 оқушы «Хореография» және «Вокалдық орындау» жанры бойынша қатысып, 2 оқушы 2 – ші орын, 2 оқушы 1 – ші орын иеленді.

 

«Асыл мұра» қолданбалы шығармашылық байқауында батыр атындағы ауданның Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің тәрбиеленушілері – 3 – сынып оқушысы Парасат Мирам «Матадан жасалған өнер туындылары» жанры бойынша және 1- сынып оқушысы Санжар Серікбай «Бейнелеу өнері» жанрында жүлделі 1-ші орындарды жеңіп алды.

 

                                     Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ                                           Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу