Жас түлекке бағдар

Жас түлекке бағдар

Орталық саябақтағы А.Байтұрсынұлы ескерткіші жанында «Білім беру навигаторы» іс-шарасы өтті. Мектеп оқушылары ЖОО-ға немесе колледжге түсу жолдары туралы ақпарат алды. Акцияға 6 ЖОО мен 14 колледждің консультанттары қатысты.

«Білім беру навигаторы» іс-шарасы «Мемлекеттік жастар саясатын ілгерілету және бастамашыл, дарынды жастарды қолдау бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында облыс әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы мекемесінің әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.


— Басты мақсат — студенттерге жоғары оқу орындары мен колледждердің қабылдау комиссияларын бір жерге тоғыстыра отырып жеңілдік жасау. Толығырақ айтқанда, бір күнде айналып өту мүмкіндігін беру арқылы қала орталығына жастарды тоғыстыру. «Білім навигаторы» түлектердің оқу орынға түсу үшін барлық жағдайлар мен қажетті құжаттар тізімін білуге, оқу орнында бар оқу жоспарлары мен мамандықтар туралы білуге мүмкіндік береді, — деді «Жас Отан» қоры корпорациясының төрайымы Аружан Сәрсенбаева.


Консультанттардың айтуынша, қала орталығында түлектер үшін іс-шара өткізу қай жағынан алып қарағанда да тиімді.


— Бұл іс-шараны мектеп бітірушілерге арналған жәрмеңке десек болады. Қазір адамдар ақпаратты әлеуметтік желіден немесе жүзбе-жүз оқу орын өкілдерінен алғанды жөн көреді. Сондықтан жылда ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараның маңызы жоғары. Бүгінде бірқатар ата-ана балаларымен бірге келіп, оқуға қалай түсу керек, қандай құжат қажеттігі туралы мәлімет алды, — дейді А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ “Ұлттық тәрбие және кәсіби бағдар беру” бөлімінің басшысы Қарлығаш Тұрғанбекқызы.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Жаңалықтармен бөлісу