Арқалықта 102 оқушы “Жыл үздігі” атанды

Арқалықта 102 оқушы “Жыл үздігі” атанды

Арқалықта аяқталғалы тұрған оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі білім додаларына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген 102 оқушы мен оларды жарысқа сапалы дайындаған 81 ұстазға қала әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлықтары берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы өткізілген «Жеңімапаздар шеруі – 2023» шарасында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, сый-сияпаттарын өз қолымен табыс етті.

«Бұл шара өткен жылы еліміздегі «Балалар жылында» бастау алған болатын. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Қала әкімінің жасап жатқан іс – шарасы балаларға серпін береді. Алдағы уақытта әлде де жоғарырақ деңгейге қатысуға ынталандырады деп ойлаймыз. Мұнда тек білім жетістіктерімен ғана емес, спорттық шараларда, шығармашылық салада жетістікке жеткен оқушыларымыз сыйақы алып жатыр. Былтыр бұл шара бюджет арқылы қаржыландырылса, биыл оқушыларға қалалық «Жүрек жылуы» қорынан, ал ұстаздарға жұмсалған қаржы кәсіподақ арқылы бөлінді», – дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанат Хасенқызы.

Орайы келгенде айта кетсек, биыл өңірде 6552 бала оқу жылын тәмәмдамақ. Оның ішінде 8 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып танылған.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор.

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу