Жанкелдин ауданында су басу қауіпі бар ауылдар қардан тазармаған

Жанкелдин ауданында су басу қауіпі бар ауылдар қардан тазармаған

Күні кеше облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында дайындық барысымен танысу үшін Жанкелдин ауданына келді.

Ауданға қарасты бірқатар ауыл, ауылдық округтерді аралап, сын-ескертпелер жасап, арнайы хаттамалар толтырды. Мәселен, Саға, Тәуіш, Көкалат ауылдарының орталықтары қардан тазармаған.

Ауыл орталығын былай қойғанда, акімдігі мен мектеп ғимараттары қар құрсауында тұр. Ауыл көшелері мен әкімдік ғимараттардың ауласын қардан тазалауға қаржы бөлінген. Десекте, ауыл әкімдері азғантай қаржыны мақсатты әрі уақытылы игере алмай отырған сыңайлы. Ал, Қызбел ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин қар шығаруға қаржының бөлінбегенін айтып отыр.

«22 наурыздан кейін техникалары бар шаруа қожалықтарына қолқа салып, үйме қарларды тазалаймыз», – деді.

Албарбөгет ауылдық округінің әкімі Бөлтірік Бектұрғанов та қар тазалау жұмыстарына қаржы бөлінбегендігін алға тартты. Оның пайымдауынша, ауыл орталығы мен елді мекендерді су басу қаупі жоқ екен. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Қысқасы, қандай жағдай болса да сақадай сай екендігін айтты.

Биыл қар аз жауғаны рас. Бірақ, желтоқсан айына дейін жауған жауын-шашын бір метрдей тереңдікке сіңіп, тоң болып қатты. Егер көктемгі тасқын судың қарқыны қатты болса, өзен – көлге жақын шағын ауылдарды су басуы ықтимал. Біздің бұл сөзімізді жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі де растап отыр.

Тәуіш ауылының әкіміне хабарласып, осы мән-жайды анықтап, сөзге тарттық.

«Биылғы қар тазалау жұмыстарына 1 млн теңге қаржы бөлінді. Сарысу ауылының тұрғыны, «Дүйсенбаев» шаруа қожалық жетекшісі Әсет Дүйсенбаев ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазалау үшін 80 мың теңгесін конкурс арқылы ұтып алды. Қазіргі таңда мойынына алған жұмысын тыңғылықты атқарып жатыр. Шындығы керек, мектеп ауласындағы қарды тазалау үшін үлкен техника қоршаудан өтіп кіре алмайды. Ауладағы азын-аулақ қар, су басу қаупін төндірмейді деп ойлаймын. Біз ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын ауыл әкімдігінің әлеуметтік желісіне үнемі салып отырамыз», – дейді Жаркөл ауылдық округінің әкімі Бақыт Төлебаев.

 

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу