Жаңа көп пәтерлі тұрғын үй Сеченов көшесі 1 мекенжайында орналасқан. Тұрғын үй әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде салынып, көп балалы отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне берілді.
Жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ол тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
“Облыста құрыс саласы жақсы дамып келеді. Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай орындалуда. Тұрғын үйдің көлеміне келсек, биыл өткен жылмен салыстырғанда бес есе көп. Облыстың әр ауданында кезекте тұрғандарға осылай берілетін болады. Президент тиісті тапсырма берді, бағдарлама қабылданды. Үкіметтен қаржы бөлініп, жыл сайын осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз. Өткен жылы мен қала әкіміне көбірек тұрғын үй салуды және қандай да бір себептермен қаңырап қалған үйлерді жаңғыртып, пайдалануға беру туралы тапсырма берген едім. Былтыр төрт үй қалыпқа келтірілді. Биыл жеті үй жөнделді. Екі жыл ішінде 11 үй толық қалыпқа келтіріліп, пайдалануға берілді. Келер жылы да тағы төрт үй тапсырылатын болады. Тұрғын үй салып, қаланы абаттандырумен тұрақты айналысу қажет. Келесі жылы бюджеттен біз Рудный қаласын абаттандыру үшін қомақты қаражат қарастырамыз. Енді міне, жаңа жыл қарсаңында, жаңа пәтерге қоныстанып жатырсыздар. Құтты болсын!”, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Тұрғын үйде 45 пәтер бар. Олардың 1 бөлмелісі – 13 пәтер, екі бөлмелі – 22 пәтер, үш бөлмелі – 6 пәтер және төрт бөлмелі – 4 пәтер бар. Бұл жолы үй кезегінде тұрған 13 адамға пәтер кілттері табысталды.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ