Қостанай ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Дәурен Асқаровтың баяндауынша, ұзындығы 22,3 шақырымдық 47 учаске орташа жөндеумен қамтылды. Осы мақсатқа 3,1 млрд теңге жұмсалған.
Соның ішіндегі ауқымды жобалардың қатарында Карбышев, Қайырбеков көшесіндегі жұмысты айтар едік.
«Аталған аймақтарды қалпына келтіру кезінде жол жабынының ұзақ мерзімге төзімділігін, беріктігін арттыруға арналған арнайы қоспа – модификацияланған битум пайдаланылды. Ал оның қаншалықты сенімді ақтайтынын келер жылдың көктемінде байқаймыз. Егер, жақсы нәтиже көрсетсе бұл технологияны көлік легі толастамайтын аумаққа қолданамыз», – деді Дәурен Асқаров.
Сонымен қатар Быковский, Қозыбаев, Коморов, Летунов, Пушкин көшелерінің белгілі бір бөлігі орташа деңгейде жөнделді. Нариманов көшесінің Абай даңғылы мен Баймағамбетов көшелерімен түйісетін жеріндегі 0,7 шақырымдық бөлігі реконструкцияланды.
Негізі, бұл жоба былтыр басталуы керек еді. Жөндеу кезінде Алтынсарин-Баймағамбетов көшелерінің арасындағы жасыл желекке зиян тигізбей, сақтап қалу үшін жобаға түзету енгізілді. Сөйтіп, іске асыру мерзімі осы жылға ауыстырылды.
Нәтижесінде жүру жолағы сегіз метрден 14 метрге дейін кеңейтіліп, қосымша қырық сегіз көлік тұрағы жасақталды. Абай-Алтынсарин көшелерінің арасындағы 0,3 км жолдың асфалт жабыны жаңартылып, Абай-Баймағамбетов көшелерінің тұсындағы 0,7 шақырымдық учаскеге жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта бұл арадан көлік те, жаяу жолаушы да көп жүреді. Көшенің бұрынғы кейпіне қарағанда қазіргі келбеті келісті.
Қымбат ДОСЖАНОВА
