Қарасу — Үлкен Чураков күре жолының оң жағына салынған арнаны біз де көрдік. Жол бойында қарайып көрініп тұр. Жасанды арнаның ені кейбір жерлерде алты есеге ұлғайып 138 метрге, ал тереңдігі 43 метрге дейін жеткен. Өткен-кеткен мал-жанға тым қауіпті. Сондықтан Қарасу аудан әкімдігі жиегін бекітіп, қоршап қоймақшы.

«Тамыз айында ТЖ жөніндегі комиссияның отырысын өткіздім. Арнаның болашақ тағдырын талқыладық. Астанада арнайы компания келіп, үш ай бойы сараптама жасады. Соның қорытындысында арнаның құрылысын тоқтатып, оны консервациялау туралы шешім қабылданды. Себебі, жоба бойынша бастапқы қалпына келтіру орасан зор шығынды талап етеді. Бюджетті тиімді пайдалану мақсатында артық шығындалудан бас тартып отырмыз. Асылында арна өз қызметін атқарды, суды басқа арнаға бұрды. Ендігі міндет – арнаны осы күйінде қалдырып, қауіпсіздікке мән беру. Жиегін нығайту, жағасын бөгеу, топырақ эрозиясын болдырмау үшін шөп пен бұталарды отырғызу, қорғаныс үйінділерін салу, қоршау қою сияқты шаруаларды қолға аламыз», – деді Қайрат Оспанов.
Жуырда Қарасу ауданына арнайы іс-сапармен барып, мән-жайға қанық болдық. Аудан әкімі Қайрат Оспанов үлкен судың зардабын жою жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтқан еді.

Бұл оқиғаның тарихынан да сыр шертті.

Жағдайға Үкімет деңгейінде мән беріле бастағанын білеміз. Дереу ұзындығы 14,2 шақырым су бұру арнасын салу жобасы әзірленіп, 2024 жылдың 31 шілдесінде құрылысы да басталған болатын. 26-қазанда жасанды арна іске қосылды. Секундына 19 текше метр жылдамдықпен су арна бойымен сарылдап, кете бастады.
«Новосёлов ауылының маңайында шағын көл бар. Құндызды өзені екеуі әрі қарай Обағанға құяды. Алапат судың бағытын сол Обағанға бұрдық. Су тез кетеді деп ойладық. Алайда, биылғы жылдың 6-маусымында ғана арна құрғады. Қазір алқаптардан су кетті, көлдер ернеуіне түсті. Жағдай тұрақталды. Канал қазу жұмысы оңай болған жоқ. Біздің өңірде жерасты сулары көп. Қырық метрден су шығады. Сондықтан құрылыс жүргізу қиын. Бүгінде каналдың кейбір жерінің ені кеңейіп, бастапқы параметрлерінен әлдеқайда өзгерген. Өлшемінің ұлғайғаны судың қаншалықты көлемді болғанын аңғартса керек», – деп еске алды аудан әкімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
