«Balazhan»: әр бала назардан тыс қалмайды Фото: ortcom.kz

«Balazhan»: әр бала назардан тыс қалмайды

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізіп жатыр.

Басты мақсаты — көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтап, қажетті қолдауды уақытылы ұйымдастыру.

Педагогтерге түсетін жүктеме азаяды. Бұған дейін қағаз құжаттар мен түрлі ақпараттық жүйелерде сақталған мәліметтер енді бір платформада жинақталады. Ақпарат бір рет енгізіліп, қажет болған жағдайда ғана жаңартылады.

Бұл құжат айналымын қысқартып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Балалардың дербес деректері заң талаптарына сәйкес қорғалады. «Balazhan» — Ұлттық білім беру деректер қорының модулі.

Нәтижесінде қолдауды қажет ететін балаларға көрсетілетін көмек жүйелі әрі үздіксіз ұйымдастырылып, әр баланың қажеттілігіне дер кезінде назар аударуға жол ашылады.