Жаңа карусельдер іске қосылды

Жаңа карусельдер іске қосылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Арқалық қаласының орталық «Демалыс саябағынан» Қазақстанның 2050 жылдарға арналған «Салауатты өмір салты» бағдарламасы аясында екі бірдей жаңа карусел ашылып, кішкентай тұрғындарының қуанышын еселеді.

Қазіргі таңда қалада 1014 тәрбиеленуші тартылған 9 балабақша, 6578 оқушысы бар 25 мектеп жұмыс атқарып, 3 қосымша білім беру мекемесі қызмет көрсетеді.

Балаларды қорғау күніне орай саябақтағы дала саханасында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Әрқашан күн сөнбесін!» атты мерекелік концерт өткізіліп, қала әкімі Әмірхан Асанов мерекелік құттықтауын жолдады.

«Адамзат атаулының бүгінін ертеңге жалғайтын, ертеңін кемел қылатын – жас ұрпақ. Дүниеде баланың шат күлкісінен артық бақыт, байлық жоқ. Әрбір отбасының шаңырағын шаттыққа бөлейтін бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы балаларымыздың болашағына байланысты. Халқымыздың терең философиясында «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланың дұрыс адам болыр қалыптасуы ең алдымен отбасында бастау алса, одан кейін қоғам, мектеп, қасындағы достарынан жалғасын табады. Мемлекет саясатында айқындалып жүргендей, балаларға көрсетілген жан-жақты көмек, оларға берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақының бір жүйеге келтірілуі – кемел келешегімізге жасалатын құтты қадамдар», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Қалада балалар мен жасөспірімдерге толыққанды дамып, білім алуға жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан ерекше балалардың да әлеуметтік мәселелері шешілуде. Балалардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалар енгізілуде.

Атап айтқанда: қалада ерекше балалардың ем алуына қажетті «Жақсылық» оңалту орталығы ашылды. Балаларды тасымалдау үшін арнайы көтергіші бар «ГАЗель» автокөлігі сатып алынды.

Мереке күні қала тұрғындарының демалыс күндерін тиімді өткізуге бар мүмкіндіктер жасалып, саябақтар есіктерін айқара ашты.

«Немерелерімізді ертіп келіп, саябағымыздың ішінде демалып жүрміз. Мұнда бәрі жақсы ойластырылып істелген екен. Балалар үшін барлық жағдай жасалыпты. Концертін қойып жатыр, өлеңін айтып жатыр. Не керектің бәрі осы жерден табылады. Ата – аналар атынан ел қамын ойлаған азаматтарға шынай алғысымызды білдіреміз. Балаларымыздың мерекесі құтты болсын. Еліміз өркендеп, көркейе берсін», – дейді қала тұрғыны Сарабике Кенжебайқызы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу