Кеншілер шаһарында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Кеншілер шаһарында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Рудныйда үй кезегінде тұрған 21 адамға пәтер кілттері табысталды. Баспаналы болғандар қатарында жетім балалар, толық емес отбасылар, көп балалы жанұя және 1-2 топтағы мүгедектер мен зейнеткерлер бар.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пәтер иелерінің қуанышына ортақтасып, қоныс тойларына құтты болсын айтты.

«Жаңа үйдегі 21 пәтер халықтың осал топтарына берілді. Пәтерлер республикалық және облыстық бюджет есебінен сатып алынды. Бұл қаладағы қолданысқа берілген екінші баспана. Айта кету керек, облыс аумағында, сондай-ақ Рудный қаласында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі шешілуде. Биыл кеншілер қаласында тағы алты көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, қалада инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бос тұрған көп қабатты тұрғын үйлердің барлығын жөндеп, кезекте тұрған адамдарға беретін боламыз», – деді Құмар Ақсақалов.

Баспаналы болғандардың бірі – 15 жыл пәтер кезегінде тұрған көп балалы ана  Гүлжазира Бегейқызы.

«Жолдасым екеуіміз қарапайым қызметкерміз. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Жалақымыздан үнемдеп үйге салып отырдық. Енді, міне, 3 пәтерлі үйдің кілтін облыс әкімінің қолынан алып отырмыз. Барлығына рахмет айтамын. Толқығаным соншалық, кілт табыстап жатқанда көз жасыма ерік бердім. Қалай десекте көптен күткен баспанам еді», – дейді пәтер иесі, көп баланы ана Гүлжазира Бегейқызы.

Жиырма бір пәтердің алтауы үш бөлмелі, он екісі екі бөлмелі және үшеуі бір бөлмелі.

Мемлекеттік сатып алудың қорытындысына сүйенсек, сатып алудың жалпы құны 463 104 000 теңге болған.

Тұрғын үй «Qazaqstan Construction Holding» ЖШС жеке инвесторының қаражаты есебінен салынды. Олар ғимаратқа құрылыс жұмысын ақпан айында бастап, 1 маусымда толық аяқтап отыр. Тұрғын үйдің жанында көлік тұрағы және балалар ойын алаңы салынған.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу