Қостанайда өңірдің үздік оқушылары марапатталды

Қостанайда өңірдің үздік оқушылары марапатталды

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали халықаралық және республикалық жарыстардан, олимпиадалардан, жобалар байқауынан жүлдемен оралған балаларды марапаттады.

“Жаздың жайма шуақ алғашқы күнінде бүкіл әлем Балаларды қорғау күнін атап өтеді. Өмірде осы сәбилердің қуанышына жететін бақыт жоқ. Олардың бірқатары балабақшаға барса, бірі мектептерде білім алып жатыр. Түрлі ортада бақтарын сынап, жетістігін паш етіп жатқандары қаншама. Мәселен, биыл балаларымыз республикада пән олимпиадаларында топ жарды. Қырық екі медаль әкелді. 72 бала халықаралық байқаулар мен жарыстарға барды”, – деп атап өтті Ринат Мұхаметқали.

Соның бірі Арқалықтағы Абай Құнанбаев мектеп гимназиясының оқушысы Аяжан Болатбек Жолдасбеков атындағы математика және механика ғылыми жобалар байқауынан үшінші орын алғаны үшін жүз мың теңгемен марапатталды.

“Биыл мектепті де аяқтап жатырмын. Осы жолды әрі қарай жетілдіру мақсатымен география, математика бағытын таңдадым. Болашақта экономика мамандығына тапсыруды ойлап отырмын”, – дейді Аяжан Болатбек.

Ал Аманкелді ауданының Жасбуын жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Еркежан Еркінқызы достарымен бірігіп “Жасыл мектеп” жобасын қорғап шықты.

Қарасу ауылының жастары бұл жобаны елді мекенді көгалдандыруға арнап отыр. Осы игілікті істің бастамашылары бір миллион теңгемен марапатталды.

“Біз бұл жобаны, мектеп басшылығымен ақылдаса келе, наурыз айынан қолға алдық. Қараша айына дейін үлгерту ойымызда бар. Онда балалар лагерде жүріп түрлі жемістер өсірумен айналысады”, – дейді Еркежан.

Бұл жобаға еңбек пәнінің мұғалімі Әбілхан Әбдіғалымұлы жетекшілік етіп келеді.

“Жастардың талабын байқап қолдау білдіріп жатырмыз. Әрі қарай олардың экологиялық тәрбиесін қалыптастырамыз. Жасап жатқанымыз “Оазис” деген бағдарламаның бастамасы ғана. Балалар жеміс өсіріп қана қоймай, бұл жерде ағаш егу мәдениетін де жаңғыртатын болады”, – дейді жоба жетекшісі.

Марапат алғандардың арасында Бразилия елінде өткен бокстан жасөспірімдер арасында жасындай жарқыраған Айдос Үсенов те бар.

Қостанай білім инновациясы лицейінің оқушысы Жан Даутов 900 мың теңгемен марапатталды. Жан Балқан түбегінде өткен оқушылар арасындағы халықаралық олимпиадада алтыннан алқа таққан еді.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу