Қостанайда қайырымдылықты ту еткен жандардың басын біріктірген «Жан жылуы» қайырымдылық концерті өтті. Сахана төріне кәнігі әншілер емес, Қостанай облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, белгілі меценаттар шығып, өнер көрсетті.
Осылайша олар көрерменді қуантып қана қоймай, өзгелерге көмек қолын созып, жан жылуын берді. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтере білді.
Көмекке мұқтаж жандарды демейтін, қайырымдылық жасап, сауап алатын қайырымдылық концертінің өтіп жатқанына биыл – 5 жыл. Бес жыл дегеніміз көп те, аз да емес. Бірақ осы бес жылда қаншама тағдыр өзгерді. Қайырымды жандардың арқасында талай жан ем алуға мүмкіндік алды. Өмірге деген көзқарасы мен талпынысы артты.
Көмекке мұқтаж жанның бірі – Жанкелдин ауданынан келген Диана Кеңесхан еді. Оның жасы 17-де. Бірақ денсаулығында кемшілік бар. Құлағы нашр естиді, тілі де уақытында шықпады. Сонысына қарамастан, кенже қызын ата-анасы, бауырлары қолдап, қаладағы арнайы мектепке берді. Қазір осында білім алып жатыр. Диананың құлағы естуі үшін оған миллион теңгенің аппараты керек еді. Осы жағдайды білген қауымдастық мүшелері бүгінгі кеште Дианаға 800 мың теңгенің сертификатын тарту етті. Қызын жетектеп келген Кеңесхан Жүсіпбеков те риза болып, алғысын жаудырды.
“Төрт балам бар. Жұбайым екі жыл бұрын қайтыс болған еді. Кенже қызымның құлағы туғанынан дұрыс естімейді, тілі де шықпады. Жасы 17-ге келсе де өз қатарынан әлдеқайда кішкентай көрінеді. Ем алу үшін бармаған жеріміз жоқ. Бірақ көмегі шамалы. Екінші сыныптан бастап облыс орталығындағы арнайы мектепке бердік. Қазір осы жақта білім алады. Сабағы жақсы. Шахматтан үздік көрсеткіш көрсетіп жүр. Осы қайырымдылық жобасының арқасында 800 мың теңге ақшалай көмек алып, есту аппаратын алдық. Сол аппараттың көмегі болып, қызым дыбыстарды ести бастады. Жанкелдин ауданындағы әлеуметтік көмек керсету орталығы біз туралы барлық деректі осы жаққа жіберген екен. Соның арқасында бүгінгі концертке қатысып отырмыз. Бүгінгі кеште қаншама жан ақшалай көмек алып жатыр. Денсаулықты түзеу үшін қаражат керек. Осындайда демеу болған жандарға алғысым шексіз”, – дейді Диананың әкесі Кеңесхан аға.
«Жан жылуы» бес жыл бұрын бастау алған әлеуметтік жоба. Осы уақыт ішінде қауымдастық мүшелері мен меценаттар 10 миллионнан артық қаражат жинап, мұқтаж жандарға берген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Халықаралық әйелдер күніне орай «Ару ана» үздік әйелдер жобаларының байқауын өткізген. Осы байқауда «Жан жылуы» жобасы үздік деп танылды.
Концертті педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қостанай облысы бойынша әйелдер күштері Альянсының төрайымы, осы концерттің идеялық шабыттандырушысы Римма Бектұрғанова, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Аманова, А.Горький атындағы гимназияның директоры Гүлфия Дәндібаева әсем әнмен ашты. Үшеуі де осы салада еңбек етіп, қоғамға бір пайдам тисе деп жүрген аяулы жандар.
Жыл сайын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған байқау елінің ертеңіне бей-жай қарамайтын жандарды, бүгінгі күннің батырлары мен меценаттарды анықтайды.
Елдің қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүрген, қолы ашық, жомарт азаматтарды қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсы да жалғасуда. Оған осы жолы елдің әр өңірінен 880 өтінім түскен. Еліміздің барлық өңірінде үміткерлер іріктеледі. Облыстық кезеңнен өткен жеңімпаздар осы концертте марапатталды. Олар «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек» және «Қайырымдылық тарихы» номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылды.
Қайырымдылық концертінде өткен кезеңдерге шолу жасалды. Әр жылдың өз тарихы бар. Мысалы, 2021 жылы Ясмин Кабеноваға құлақ операциясына 2 миллион 119 мың теңге жиналған. Екі жыл ішінде Ясминге кохлеарлық имплантация операциясы жасалған. Қазір кішкентай қыздың есту қабілеті жақсы.
Бірінші сыныпқа барады, гимнастикамен де айналысатын белсенді бала. Өзге балалар сияқты ұялы телефонмен түрлі роликтерді түсіріп, өмір ағымынан қалыспайды. Қостанайлық Ерік Ысқақов та дер кезінде көмек алған баланың бірі. Оның есту аппаратына 920 мың теңге жиналған. Қазір Еріктің денсаулығы қалыпты. Құлағы естиді, сөйлейді, барлық әріптерді жаза алады. Балабақшада да белсенді. Әр мерекеде қатарынан қалмай, би билеп, өлең оқиды. Былтыр қостанайлық Әділхан Әбуовқа да көмек қажет болды. Оған да есту аппараты керек еді. Әділханға 1 млн 200 мың теңге жиналды. Қайрымдылықтың арқасында оның да өмірі өзгерді. Міне, осылай тізбектей берсе қаншама баланың өмірін мысалға алуға болады. Қуанарлығы әр баланың тағдыры осындай бастамалардың арқасында өзгеріп, бұралаң жолдары жақсарған. Концертке «Жан жылуы» шуақ сыйлаған бірқатар кейіпкерлер келіп, жағдайларының оңалуына жәрдем берген жандарға шексіз алғыстарын жеткізді.
“Өмірде небір жағдайлар болады. Сондайда адамзат бір-біріне көмек бермесе болмайды. Бүгін біз қайырымдылық концертін бесінші рет өткізіп отырмыз. Денсаулығында ақауы бар балаларға осылайша көмек қолын созып, өмірлерін сәл де болса өзгертсек біздің алға қойған мақсатымыздың орындалғаны. Бес жыл бұрын біздің алғашқы концертіміз өткен еді. Сол жолы есту қабілеті нашар қызға көмектестік. Екі миллионға жуық қаражат қажет болды. Отбасы ондай ақшаны таба алмай қиналды. Біз қарап отырмай концерт бердік те керекті қаражатты жинап, бүлдіршінге сыйладық. Сол қыз бүгінгі кешімізге келіп, ортамызда отыр. Содан бері бұл бастамамыз дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келеді. Әр жылда қаншама жанды демеп, мәселесін шешуге барымызды саламыз. Біз концертке кіретін билетті қымбат бағаға меценаттарға сатамыз. Олар сатып ала отырып, өз үлесін қосады да, қайырымдылық жасайды, әрі тамаша кештің куәсі болады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу әр адамның бойында табылуы керек қасиет деп ойлаймын”, – дейді Қостанай облысы Әйелдер күштері Альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова.
Бүгінгі кеште бес балаға көмек көрсетіліп, сертификат табысталды.
Сертификаттарды Қостанай облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлсара Жаманқұлова табыстады. Бес баланың да диагнозы ауыр. Бірақ көмек берсе өмірлерін жақсартуға болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев