Қостанай қаласы Лермонтов көшесіндегі 9 үйдің тұрғындары үйлерінің алаңдары қоқысқа айналғанына наразы. Қоқыс жәшіктерінің маңайындағы тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтарды біреулер төгіп кететін көрінеді.
Расында да, бейберекет шашылған тұрмыстық қалдықтар мен әр жерде үйілген қоқыстар бірден назарға ілігеді.
Тіпті, контейнерлердің маңындағы балалар ойнайтын алаң да қоқыс үйетін жерге айналған.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге қай аулалардан немесе қай сауда орындарынан қалдықтар шығарылып жатқанын анықтау мүмкін болмай отыр. Ай сайын босқа қыруар ақша төлеп отырған жекеменшік пәтер иелері кооперативі де ешқандай амал қолданбай келеді дейді олар.
“Мына үйілген тұрмыстық қалдықтардың жатқанына айдан асты. Контейнерлердегі қоқыстарды тиісті мекеме жинауын жинайды. Бірақ, тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтарды ешкім шығармайды. Дені қағаз жәшіктер мен құрылыс материалдары. Осы жерде балалар ойнайды. Көзге оғаш көрінгені өз алдына, не тазалық мынау? Немерелеріміздің денсаулығы үшін де алаңдаймыз”, – дейді аталмыш үйдің тұрғыны Раушан Нұрғалиева.
Не болса да, тұрғындар тау болып үйілген қоқыстардың жиналуына маңайдағы сауда орындары мен жеке секторлар кінәлі болуы мүмкін дегенді алға тартады.
“Қысы-жазы осы. Мұның бәрі маңайдағы сауда орындары мен жекеменшік үйлердікі болуы мүмкін, қоқыс шығаруға ақша төлемеудің амалына көшіп, өзінің үйіндегі қалдықтарды осы жерге әкеліп тастайды. Толған жәшік қораптар да дүкендікі емей кімдікі енді? Көзбен көріп, ұстап алмаған соң кімнен көресің, тазалық пен тәртіпті бақылайтын тиісті орындар осының бәрін қадағаламай не бітіріп жүргенін білмеймін?! Амалы нешік, қоқыс тазартушылар контейнердегі қоқыстарды ғана алып кетеді де, ал маңайындағы қалдықтар осылай тау болып жинала береді. Қала басшылығы да қадағалауы керек қой мұның бәрін”, – дейді аталмыш үйдің тұрғыны Бибігүл Жайсамбаева.
Тұрғындардың ашуланатын жөні бар. Үйдің маңайында балалардың жарытып ойнайтын алаңы да жоқ екен. Жеткіншектер осы қоқыстың маңайындағы ескі алаңда ойнайды.
Ойын алаңы деген жай аты ғана, ескі әткеншек пен бірді-екілі көнерген темір жабдықтар ғана бар, алаңның жан-жағы дұрыс қоршалмаған да, қоқыс қалдықтары тіпті осы алаң ішінде де шашылып жататын көрінеді. Ешқандай санитарлық тазалық та жоқ.
“Осыдан үш-төрт жыл бұрын ойын алаңы керек деп бұрынғы “Нұр Отан”, қазіргі АMANAT партиясына да, қалалық әкімдікке де жүгінген едік. Көп ұзамай, біреулер келіп, маңайды өлшеп, бірдеңе тындыратындай болып жүргенде қатты қуанып едік. Арты сиырқұйымшақтанып, алаң да жоқ, өлшеген адам да жоқ, бәрі жайына қалды. Балаларға обал, ойнайтын арнайы жер жоқ. Көріп тұрғандай, бар ескі алаңның өзі дұрыс қоршалмаған, қоқыс жәшіктері ұшып осында жиналады. Оны өзіміз теріп жинап жүргеніміз. Сондықтан, осы жерге бізге бір заманауи балалар алаңын салып берсе дейміз”, – дейді көп балалы ана Әлия Смағұлова.
Біз тұрғындардың өтінішімен “Тазалық-2012” ұйымына хабарластық, екі күн бойы қоңырау шалып ала алмадық. “Ikomek” мекемесіне қоңырау шалғанымызда, ондағылар да өтініштің тіркелгендігін және жауапты мекмеге жолданғандығын айтты. Содан бері апта өтті. Әдетте, мұндай дау-дамай полиция қызметкерлерінің көмегінсіз шешілмесі анық. Сондықтан, тұрғындар 102 нөміріне де хабарласыпты. Осы өңірге жауапты полиция қызметкері келіп, мән-жайды анықтаймыз деп кеткен көрінеді. Біз тұрғындармен тілдескен полиция қызметкерімен сөйлескен едік.
“Бәрі шешілді, бейсенбі күні қоқыс шығарылады” деп қысқа қайырды.
Содан бері алты күн өтті. Бірақ, тау болып үйілген қоқыстар әлі жатыр. Ай жарым жатқан қоқысты сонда кім шығарады?
Қ.Әбен