“МТЗ – Қазақстан” кәсіпорны кабина жасайтын цехты және жаңа Belarus тракторларын құрастыратын желіні іске қосты.
Салтанатты іс-шараға Беларуссия Республикасының өнеркәсіп министрі Александр Рогожник, Беларуссияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин, “МТЗ” ААҚ бас директоры Виталий Вовк және облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Айта кету керек, жаңа өндіріс ошағының құрылысына 7,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінде мұнда 150 адам тұрақты еңбек етеді. Зауыт толық қуатына көшкенде 1000 адамға дейін жұмыс істемек. Ол үшін Қостанайда студенттерді машина құрастыру факультеттерінде арнайы оқытып жатыр. Мамандардың айтуынша, кәсіпорын жылына он мың кабина құрастыруға қауқарлы.
“”Беларусь” тракторы өте сенімді техника. Мұны екі кеңшарда жұмыс істеген инженер ретінде айтып отырмын. Мен трактордың қыр-сырына өте қанық адаммын. Ол сапасын ешқашан жоғалтқан емес. Қайта уақыт озған сайын барынша жетіле түскен. Сондықтан, “Беларусь” тракторылары ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті техника болып қалмақ. Жаңа өндіріс ошағын ашу арқылы біз халықты жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта әлі жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Бюджетке түсетін салық көлемі артады. Мәселен, өткен жылы кәсәпорын мемлекетке 500 млн теңге салық төлесе, алдағы екі-үш жылда ол төрт есеге дейін артады”, –деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бүгінде “МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты” компаниясының базасында 350 аттың күшіне тең “Беларусь- 3522 тракторлары құрастырылады. “МТЗ” ААҚ бас директоры Виталий Вовк алдағы екі жылда мұнда 500 аттың күшіне пара-пар қуатты техникалар құрастырылатындығын айтты. Әзірге зауытта кабиналар, капот шығарылса, алдағы уақытта трактордың алдыңғы өсі сияқты бөлшектер өндіріле бастайды.
“Бүгін біз Қазақ жерінде жаңа өндіріс орнын іске қосып жатырмыз. Бұл өте қуанышты жағдай! Негізі бұл өндірістің екінші кезеңі болып есептеледі. Осы жобаны кәдеге жаратуға бес жыл уақытымыз кетті. Мұнда жылына он мың кабина, капот, басқа да тракторға қажетті бөлшектер шығарылады. Осындай өндіріс орнын қолдағаны үшін ҚР Үкіметіне, облыс әкімі Қ.Ақсақаловқа айтар алғысым шексіз. Біз неғұрлым қоян-қолтық араласып, жұмыс істесек, біздің халқымыз да біріге түседі”, – деді Беларуссияның өнеркәсіп министрі Александр Рагожник.
Бүгінде елімізде “Беларусь” тракторларын құрастыратын үш кәсіпорын жұмыс істейді. Жаңа цех өндірісті локализациялауға және тұтынушы үшін өнім құнын төмендетуге үлкен мүмкіндік береді. Қостанайда шығарылған кабиналар отандық өндірісте пайдаланылады. Оның үстіне “ҚазАгроИнновациялықКорпорация” және “СемАЗ сияқты компанияларға жөнелтілмек. Бүгін тараптар ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Айтпақшы,”МТЗ” ААҚ басшылары облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа конвейерден жаңа шыққан “Беларусь” тракторын тарту етті. Өңір басшысы ол Қостанайдағы оқу орындарының біріне берілетіндігін жеткізді.
Әлібек ЫБЫРАЙ