24 июня, 2025
Жамағатқа ерекше ықылас. Құрбан Айттағы ұлттық ойындар тартысы

Жамағатқа ерекше ықылас. Құрбан Айттағы ұлттық ойындар тартысы

Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде айт намазы оқылды. Құдайға құлшылықтың ең жақыны – құрбан шалу рәсімдері өтті. Қостанайдағы Жайлаубай ата мешіті мерекелік дәстүрлі рәсімнен кейін жамағатына ерекше сый жасады.

«Биылғы құрбан айт жұма күнімен тұспа-тұс келді. Жұма намазынан кейін әдейі арнап, мешіттің ауласында ұлттық ойындарды, намазхандарымызға, келуші жамағатқа айтты дұрыстап мерекелесін деген ниетпен абсолютті түйебалуаннан жарыс ұйымдастырдық. Асық ату, садақ тарту, қой көтеру сайыстары болды. Келушілер өзара арқан тартьысты. Ұйымдастыруға көмектескен қалалалық спорт бөліміне алғыс айтамыз. Демеушілік жасаған кәсіпкерлерге рақмет айтқымыз келеді», – дейді мешіттің бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы.

Түйебалуанның бас жүлдесіне жүз мың теңге, екінші орынға жетпіс мың теңге, үшінші орынға елу мың теңге берілді.

Қой көтеруден жеңімпаз балуанға тірі қой сыйланды. Қалған спорт түрлеріне ақшалай сыйлық тігілді. Мешітте ыстық тағам таратылды. Палау, шай беріліп, халықтың ұлттық бауырсағы мен шелпегі ашық аспан астындағы ақ дастарханға қойылды.

Жиырма мықтының арасынан жарыстың түйебалуаны болған Әділхан Жұмақанұлы спортты он жасында бастаған. Қазір өзі де шәкірт дайындау жолына түсті. Әділханның әкесі де – елімізге әйгілі жаттықтырушы. Сол себепті қазақ күресін таңдағанын айтады. Биылғы наурыз мейрамында облыстық абсолюттік жарыста қола жүлдегер атанғаны бар. Жиырмадан енді асқанда спорт шеберіне үміткер болып үлгерген жас бапкердің арманы – өзі жетпеген шыңға шәкірттерін шығару.

«Қалалық мешітте құрбан айт мерекесіне орай әдемі жарыс ұйымдастырылған екен. Өте қызықты болды. Маған қатты ұнады. Сайдың тасындай қарсыластарым да осал болған жоқ. Кілең өңірдегі мықты балуандар жиналыпты. Ең ауыр болғаны Асылбек Хайдармен күрескенім. Өзімен онымен бірге дайындалып келемін. Әдістерін жаттап алғанмын», – дейді Әділхан Жұмақанұлы.

Жалғас Әуітай Қостанайға биыл екінші рет келіп, қой көтеруден тағы да олжалы болып отыр.

«Астанадан осында қыдырып келген едім. Қазір фитнеске барып жүрмін. Осымен екінші Қостанайға келіп қой ұтып алып отырмын. Бір жарым минутта қырық бес рет қой көтеріп, қойдың егесі болдым. Қостанай өлкесі басыма бақ болып тұр. Осының алдында наурыз мерекесінде олжалы болып едім», – дейді Жалғас.

Садақ атудан мергендік танытқан Жәнібек Темірғалиев бұрын бұл спорт түрімен айналыспағанын айтады. Кезінде кір көтергені бар.

«Бүгінгі жарыста садақ атудан бірінші болып шықтым. Финалдағы қарсыласым да жақсы көздейді екен. Бақ қонып, менің жолым болды. Негізі кір көтерумен айналысқанмын. Содан өзім тұрып жатқан Петропавл қаласында балалардан көріп, садақ тартуға қатты қызықтым. Кейін садақ ату сабағына екі рет барып, осы жақта жарысқа қатысу мүмкіндігі бұйырды. Қазір бас жүлдені алып отырмын», – дейді ол.

Жәнібек Кенжебаев қол тірестен жеңімпаз атанды. Ол Қарағандыдан қонаққа келген.

«Қол тіреспен бала кезімнен айналыстым. Басында темір көтердім. Содан бір күні мектептегі ағайым: «наурыз мейрамында қол тіресіне қатысасың!» – деді. Содан бері мейрам сайын қол күресінен бәсекеге түсетін болып алдым. Бүгін кездейсоқ қатысып қалып, әлі бабымда екенімді ұқтым», – дейді ол.

Нұрасыл Ташмағамбетов асық атудан алдына жан салмады. Қостанай ауданы Жданов ауылының тумасы спорттық масабын 2006 жылдан бастағанын айтты.

Ол бүгінде Қазақстанның қола жүлдегері. Облыстың екі дүркін чемпионы. Спорт шеберіне үміткер. Жақында Ақтөбеге жарысқа барғалы отыр. Алда оны Алматыдағы Ақбидай ойындары күтіп тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Айдын Төлеубай