Жалған өнім жарға жықпасын. Тұқым шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Жалған өнім жарға жықпасын. Тұқым шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Егістікті қорғауға тиісті өнімдер керісінше зиянды болып шығуы мүмкін. Ол үшін сырттан сатып әкелетін қоректік материалдардың сапасына мән беру керек. Мәселен, әлемге танымал «Syngenta» компаниясының атын жамылып, күмәнді, қауіпті өнімдер сататын алаяқ ұйымдар көп. Бұл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста айтылды. Жиынға компанияның өкілдері Ресейден арнайы келген. Олар тұқым шаруашылығындағы осы бір өзекті түйткілді көтерді.   

«Syngenta» – өсімдік шаруашылығын қорғау, дамыту бағытындағы алпауыт компания. Әлемнің 90 елінде қызмет көрсетеді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын әзірлеушілер мен өндірушілер арасында жетекші орынға ие. Жоғары сапалы тұқымдар нарығында да жетекшілер қатарында. Препараттардың бай ассортименті, қуатты технологиялық базасы және үлкен ғылыми-зерттеу әлеуеті арқасында компания әлемдік агробизнесте көш бастап тұр. Компания нақты дақылдар мен аймақтар үшін инновациялық шешімдерді әзірлей отырып, ұзақ мерзімді даму курсын жүргізеді. Бірақ осы ұйымның беделіне көлеңке түсіретін астыртын сатармандар азаймай келеді. Бағасы қымбат, сапасы беймәлім, құрамы қауіпті өнімдер аңғал шаруалардың «бас ауруына» айналмас үшін не істеу керек?blank

«Syngenta» жауапкершілігі шектеулі қоғамының Ресейдегі және Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь, Армения, Грузия елдеріндегі қауіпсіздік жөніндегі менеджері Екатерина Труфанова контрафактілік өнімдердің жолын кесу бағытындағы шаралар туралы баяндады. Компания қызметкерлерінің ақпараттық талдамасына облыстық Кәсіпкерлер палатасы АӨК салалық кеңесінің, облыстық Әділет департаментінің өкілдері қатысты.

            «Компаниямыз гербицид, фунгицид, инсекцид, биологиялық өнімдер және өсімдік қоректерін, егіс, көкөніс дақылдарының тұқымын  және басқа да материадар өндірісімен айналысады. Сондай-ақ компания заңсыз өнімдермен белсенді күрес жүргізіп келеді. Біз өндірмеген, бірақ компанияның атауын пайдаланған контрафакт беделімізге де, тұтынушыларымызға да зор зиянын тигізетіні анық. Сондықтан бүгін түпнұсқа мен жасанды әрі қауіпті өнімдердің айырмасын көрсетуді көздеп отырмыз», – деді Екатерина Труфанова сөз басында.

blankТұқым шаруашылығы саласында жалған өнім өндірушілерді тамырымен отау мүмкін болмай тұр. Себебі өнімнің жалған-шынын ажырата алмайтын тұтынушылар оларды «қоректендіріп» отыр. Оңай олжаға кенелуді көздейтін зиянкес «компаниялардың» тұзағына түсетін диқан-шаруалар қай елде де бар. Ал заңсыз өнімдердің қандай залалы бар десеңіз, бірге санап шығайық. Бұл, біріншіден, өндіруші компаниялар бренді мен беделіне нұқсан. Екіншіден, тексеруден өтпегендіктен, фермерлер денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Үшіншіден, егістікті жойып, жер қыртысын құнарынан айырып, қомақты қаржылық шығынға ұшыратуы ықтимал. Мұның түбі жабайы табиғат, су, топырақ үшін күрделі экологиялық мәселелерге айналуы ғажап емес. Төртіншіден, құрам-қоспасы беймәлім «қоректік заттар» қолданылып өсірілген өнімдер соңғы тұтынушылар денсаулығына да орасан зор зиян. Бесіншіден, мұны білместікпен пайдаланудың ақыры шаруашылықтардың жауапқа тартылуына, заңсыз өнім тарату тізбегіне қатысы бар деп танылуына әкеп соқтыруы мүмкін.blank

            «Осындай қауіп-қатердің алдын алу үшін компания қабылдаған арнаулы бағдарламалар бар. Жұмыс тобы өндіруші компаниялармен ақпарат алмасып, бірлескен шешімдерді пысықтап, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнатып отырады. Нарыққа зерттеу жүргізеді. Клиенттермен тығыз байланысып, өтінім-шағымдарға жауап беріп, сот процестеріне қатысады. Ірі форум-жиындарда үздік тәжірибелерді зерделеп, тренингтер өткізіп, индустриядағы өзекті мәселелерді талқыға салады. Құқық қорғау органдарымен үш жақты іс-қимыл жүргізіп, тергеу амалдарына белсенді үлес қосады», – дейді Екатерина Труфанова.

blankОның ақпаратына сүйенсек, жалған саудагерлердің қылмысын әшкерелеу де оңай шаруа емес. Өйткені олардың нақты сауда нүктелері, өнімдерінің құжаттары мен түбіртегі болмайды. Сосын олар көп жағдайда фермерлерден түпнұсқа ыдыстарды сатып алып, заңсыз өнімдерін соларға құйып сатады. Бұл да контрафактіні дер кезінде анықтауға кедергі. Дей тұрғанмен, мұқият болсаңыз, шынайы өнімді күдікті тауардан ажыратудың да жолдары бар.blank

            «Мәселен, түпнұсқа өнім қаптамасында ультракүлгін сәулемен қарағанда көрінетін «Syngenta» логотипі бар. Құты бұрандасының шелсіз бүтін екеніне назар салу керек. Сол бұранда қақпағындағы батч-нөмірінің (бірегей тіркеу саны, қолдану мерзімі, т.б. – тілші) элементтерінде айырмашылық болады. Әдетте жалған өнім батч-нөмірінде даталар ғана көрсетіледі. Этикеткадағы өнім партиясының нөмірін  және мұндағы да батч-нөмірді тексеру қажет. Жаңа өнімдерімізде қорғаныш стикері пайда болғанын да айта кетейік. Ондағы QR-кодты телефоныңыз арқылы тексеріп, қылмыскерлерге ұрынбағаныңызды оп-оңай анықтай аласыз. Сосын, қарапайым ескерту, қаптамаларымыздың фотосуреті, этикеткасы сапалы, түсі қанық, жазулары анық болады», – деп слайдпен көрсетіп, тәптіштеп түсіндірді компания өкілі.

blankblankblankblankЕуроодақ елдерінің тұтынушыларынан сапасыз өнім сатып алып, сан соғып қалғаны туралы шағым компанияға толассыз түсіп тұрады екен. Олардың қатарында, әрине, Қазақстан да бар. Алысқа бармай-ақ, қостанайлық диқандардың да өсімдіктерді қорғайтын өнімдерді таңдауда жаңылып жататыны жасырын емес. Мұны кәнігі диқан, «Зуевка» ЖШС жеекшісі, облыстық Кәсіпкерлер палатасы АӨК салалық кеңесінің төрағасы Александр Бородин тілге тиек етті.blank

            «Біздің елімізде, өкінішке қарай, бақылау жоқ. Кімнің қайдан қандай өнім әкеліп жатқаны белгісіз. Бұл жөнінде өңір басшысына да айтып, ол кісі ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді. Сонымен айналысып та жатырмын. Алқабы үлкен шаруашылықтардың тұқым материалын алуға сүйемел болуымыз керек. Ресейлік өнімге иек артпай тұра алмайтынымыз шын. Тек мәселе сапаға келіп тіреледі. Қазір сіздерден бөлек аталмыш өнімдер Франция, Германия, Канададан келіп жатыр. Ал оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сіздер айтып отырған ескертпелерге фермерлеріміздің ешбірі мән бермейтіні тағы шын. Міне, осы мәселелерді мәжіліске жеткізіп, АШМ деңгейінде көтеруді көздейміз. Бізде әр кірме өнімге терең талдау жүргізетін зертханалар құрылуы қажет-ақ. Сертификат үшін шетелге жүгінбей, ол өзімізде берілуге тиіс», – дейді Александр Бородин.

blankКомпанияның контрафактілік өнімдермен күрес жөніндегі менеджері Дмитрий Березнев осы кезге дейін жүргізілген рейдтердің нәтижелері туралы да кеңінен мәлімет берді. Полициямен бірлескен ізкесу шаралары барысында бірнеше көлеңкелі бизнес ұйымы құрықталып, тонналаған заңсыз өнім тәркіленген. Соңғы екі жылдың өзінде бірнеше қылмыстық топтың астыртын әрекеті әшкере болыпты. Егер күмәнді сатармандардың тұзағына түскен қостанайлық кәсіпкерлер болса, алаяқтарды тұзақтауға тізе қосып әрекет етуге әркез дайын екендерін айтты ол. «Syngenta-ның» өкілдігі біздің облыста да бар. Бірақ қызметтестік мүддені әлде де нығайту үшін бас кеңсемен тікелей байланысты, барыс-келісті жиілете түсу ұсынылды. Ақпараттық жиындар, профилактикалық тренингтер өткізуге пейіл танытты компания қызметкерлері. Оған жерлестеріміз де қарсы емес.blank

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Василий Васильев

иллюстрация: ortcom.kz