Қостанай мен Астанада жалған АҚШ долларын сатқан бес адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram ресми арнасында хабарлады.
Агенттік мәліметінше, сотталушыларға “Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу” бабы бойынша, сондай-ақ жәбірленушілерді алдау фактілері болғандықтан “Алаяқтық” бабы бойынша айып тағылған. Сотталушылардың бірі С. есімді азамат валют тауып әкелумен айналысса, А. мен Т. Қостанай облысының аумағында сатуды жүзеге асырған, ал Астана аумағында таратуды ерлі-зайыптылар жүргізген. Сотқа дейінгі тергеу барысында 30 000 жалған доллар анықталып, оның 28 600 доллары тәркіленген. Сот үкімімен С. 5,5 жылға (жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейді), А. мен Т. 5,5 жылға (жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді) бас бостандығынан айырылған.