Қостанайда жүздеген жұмысшы бірнеше айдан бері жалақысын толық ала алмай жүр. Олардың қатарында «АБЗ Плюс» ЖШС компаниясының 392 қызметкері бар. Кәсіпорынның өзінде жалақы бойынша берешек 711 млн теңгеге жеткен. Жалақысы кешігіп жатқан жұмысшылардың жағдайы қандай және кәсіпорын бұл тығырықтан қалай шығуды көздеп отыр?
Сегіз сағат бойы көшеде еңбек ететін жол тазалаушы Зәуреш Көшекова да бірнеше айдан бері еңбекақысын күтіп жүр. Ол компанияда он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Тұрақты табысынан қағылғанына қарамастан, жұмыс орнын тастап кетуге асығар емес.

«Береміз-береміз деп жүр, бірақ бермей жатыр. Пенсия аламыз, сонымен күн көріп жүрміз. Бір-бірімізден қарыз аламыз, жалақы алсақ, кейін қарызымызды қайтарамыз», – дейді Зәуреш Көшекова.
Оның айтуынша, кәсіпорында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жұмысшылар бар. Сондықтан олар компанияның қазіргі қиындықты еңсеріп, қалыпты жұмысқа қайта оралатынына үміттеніп отыр.
«АБЗ Плюс» ЖШС жол жөндеу, құрылыс және асфальт төсеу жұмыстарымен айналысады. Компания өкілдерінің сөзінше, биыл кәсіпорын үшін негізгі қиындықтардың бірі – мемлекеттік сатып алуларға қатысып, жаңа тапсырыстар ала алмауы.
Компания бас директорының орынбасары Валентин Шиляев биыл бірде-бір конкурста жеңіске жете алмағандарын айтады. Қазір кәсіпорын Қостанай қаласының ағымдағы күтім жұмыстарын ғана атқарып отыр.
«Өкінішке қарай, бұл жыл біз үшін сәтсіз болды. Бірде-бір конкурста жеңіске жете алмадық. Қазір Қостанай қаласының тек ағымдағы күтім жұмыстарын атқарып жатырмыз. Ұжымымыз өз ісіне, өз кәсіпорнына да адал», – дейді Валентин Шиляев.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, мамыр айына дейінгі жалақы бойынша берешек толық өтелген. Қазіргі қарыз негізінен маусым айынан басталған. Компания жұмысын тоқтатпай, қаладағы ағымдағы жұмыстардан түсетін қаражат есебінен еңбекақы төлеуге тырысып жатыр. Алайда кәсіпорынның қаржылық мәселесі тек жалақы берешегімен шектелмейді. Компаниядағы жалпы қарыз көлемі бір миллиард теңгеден асады. Оның ішінде кредиттік міндеттемелер де бар.
Қазір «АБЗ Плюс» сот шешімімен реабилитация рәсімінен өтіп жатыр. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 5 тамызда кәсіпорынға қатысты реабилитациялық рәсім қолдану туралы шешім қабылдаған.
Компания басшылығы реабилитация кәсіпорынның қаржылық жағдайын қалпына келтіріп, жаңа мемлекеттік сатып алуларға қатысуына мүмкіндік береді деп есептейді. Жаңа тапсырыстар алып, өндірісті жандандыру арқылы қарыздан шығу жоспарда бар. Ал Қостанай қаласының әкімі Март Жүндібаев кәсіпорынның қала үшін маңызды екенін атап өтті. «АБЗ Плюс» қаланың алты аумағының біріндегі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын атқарады. Сондықтан кәсіпорынның жұмысын тоқтатуы қала үшін, әсіресе қыс мезгілінде, қосымша қиындық туғызуы мүмкін.
Әкімнің айтуынша, жергілікті бюджет алдындағы міндеттемелер бойынша мәселе жоқ. Негізгі қаржылық қиындықтарды кәсіпорын жаңа келісімшарттар мен тапсырыстар арқылы шешуі қажет. Ал еңбек инспекциясының дерегі мәселенің ауқымын нақты көрсетеді.
Қостанай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, «АБЗ Плюс» компаниясында 2026 жылғы наурыз-шілде айлары аралығында 392 жұмысшыға 711 млн теңге көлемінде жалақы берешегі анықталған.
Бұдан бөлек, Қостанайдағы «Языковой центр Grand Luxe» ЖШС-інде 15 жұмысшыға 6,5 млн теңге көлемінде жалақы қарызы бар. Сонымен бірге Қостанайдағы бұл жағдай Қазақстан бойынша ресми статистикаға қатысты сұрақ туғызады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 34 кәсіпорынның 570 жұмысшы алдында жалақы бойынша 452,4 млн теңге берешегі болған.
Ал бір ғана «АБЗ Плюс» компаниясының жалақы қарызы – 711 млн теңге. Мұндағы айырмашылықтың себебі – реабилитация рәсіміне байланысты. Мамандардың түсіндіруінше, қаржылық сауықтыру рәсімінен өтіп жатқан кәсіпорындардың берешегі жалақы бойынша жалпы статистикалық тізімге енгізілмеуі мүмкін. Демек, ресми статистикадағы көрсеткіш елдегі барлық жалақы қарызын толық қамтымауы ықтимал. Ал «АБЗ Плюс» жұмысшылары үшін статистикадан бұрын маңыздысы – бірнеше ай бойы күтіп жүрген еңбекақысының қашан төленетіні. Компания басшылығы қарызды мүмкіндігінше қысқа мерзімде өтеуге уәде беріп отыр. Ендігі мәселе – реабилитация жоспарының қаншалықты тиімді жүзеге асатынында.
Гүлзада НҰРМАҒАМБЕТОВА
