Ішкі істер министрлігі дрондар полиция қызметкерлеріне жолдағы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және қажетті ақпаратты әуеден жедел алуға мүмкіндік беріп отырғанын хабарлады.
Заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары камералармен жабдықталған. Олар автоматтандырылған әрекеттерді орындап, бейнежазбаны нақты уақыт режимінде бере алады.
Технологияның тиімділігі іс жүзінде де байқалып отыр. Polisia.kz мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 20 мыңнан астам фактісі анықталған.
Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзудың 3 198 фактісі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 2 055 фактісі, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 1 678 фактісі анықталған. Сонымен қатар сыртқы жарық құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың 1 481 фактісі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 1 207 фактісі және басып озу қағидаларын бұзудың 771 фактісі тіркелді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік құралын басқарудың 87 фактісі анықталды. Ал 9 мыңнан астам жағдай жол қозғалысы ережелерінің өзге де талаптарын бұзуға қатысты болды.
Ұшқышсыз технологияларды пайдалану полицияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, жол қозғалысын бақылауды күшейтуге, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Заманауи технологияларды полиция қызметіне енгізу қоғамдық тәртіпті сақтаудың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралдарының біріне айналуда.
