Қостанай қаласы жылу беру маусымына дайын. Әзірлік жұмыстары әлдеқашан аяқталып, ақаулар алдын ала қалпына келтірілді. Ендігісі күн райын бақылауда ұстап, маңызды әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді дер кезінде жылумен қамту.
Қостанай жылу энергетикалық компаниясының директоры Азамат Аужановтың айтуынша, облыс орталығындағы барлық білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарына 25 қыркүйектен бастап жылу беріле бастайды. Қарапайым тұтынушылар үшін 1-қазан белгіленген. Алайда, ауа температурасының көрсеткіштеріне байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
«Болжам бойынша, алдағы күндері әлі жылы болады. Демек, жылу қосу жұмысы осы апта басталмауы мүмкін. Дегенмен, балабақшалар, мектептер мен ауруханалар жылуды қосуға алдын ала өтінім бере алады», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев аппарат кеңесінде.
Облыс орталығында тұтынушыларды жылумен қамту жұмысы 20 жылу көзі арқылы жүзеге асырылады. Қосымша бес қазандық бар. Олардың екеуі білім беру мекемелерінің, үшеуі спорт ұйымдарының балансында. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 258,6 шақырымды құрайды.
«Жиырма жылу көзінің 13-і алдағы жылыту маусымына дайындық туралы төлқұжат алды. Қалған нысандар бойынша іс-шаралар жалғасуда. Оның бәрі жылыту маусымы басталғанша аяқталмақ. Жоспарланған жөндеу жұмыстары іс жүзінде мәреге жетті және жылу беруге ешқандай кедергі жоқ»,-деп баяндады ҚЖЭК директоры.
Қаладағы 1351 көп қабатты тұрғын үйдің 1283-де жуу және қысыммен тексеру жұмыстары тәмамдалды. Білім беру нысандарының дайындық деңгейі – 91%, ал денсаулық сақтау нысандары бойынша көрсеткіш – 72%-ке тең. Кәсіпорын 93 017 абонентке қызмет көрсетеді. Тұтынушылар саны өткен жылдың есебінен 2,3 пайызға өскені байқалып отыр. Ал берешек көрсеткіші көңіл көншітпейді. Тұрғындар жылуға 556,9 млн теңге қарыз. «Екі айдан астам» уақыт берешегін өтемеген тұтынушылар бар көрінеді.
«Соңғы бес жылда Қостанай қаласының халқы 20 мыңнан астам адамға артты. Тұрғын үйлердің саны да көбейді. Сондықтан жылуға берешек көрсеткішін мүлде болдырмаған жөн. Алайда ондай нәтижеге жету әзірге мүмкін емес. Негізінде бірде де бір қарыздың қалмағаны дұрыс. Сол себепті жұмысты жандандырған жөн», – деді қала әкімі.
Алдағы жылыту маусымын сәтті өткізу мақсатында барлығы 64 іс-шара жүзеге асырылды. Негізгі жылу желілері қайта жаңартылды. Тәуелсіздік көшесіндегі жылу желісінің Темірбаев-Летунов көшелерінің шекарасына дейінгі 2,7 шақырымы ауыстырылды. Досжанов көшесіндегі желінің Чехов-Мәуленов көшелерінің аралығындағы тұсы және Шақшақ Жәнібек батыр көшесіндегі жылу желісі жаңарды. Шақшақ Жәнібек батыр көшесіндегі жоба әуелде екі жылдық мерзімге шақталған. Алайда, мерзімінен бұрын – бір жылыту маусымы аралығында аяқталып отыр.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Фото: КН
