Жайылма жұртының жай-күйі

Жайылма жұртының жай-күйі

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Қамысты еліндегі осы жолғы облыс әкімі мен халықтың кездесуі шынайы өткенін ерекше атап өту керек. Оған дәлел – жүздесуге Адаев ауылдық округінен ғана емес, ауданның Қарабатыр, Арқа, Орқаш, Талдыкөл, Жайылма басқа да елді мекендерінен азаматтардың қатысуы.

Қамысты ауданының Адаев селолық округінің құрамына Адаев, Пушкин, Жайылма ауылдары кіреді. Адам саны 700-ден сәл асады. Жетекші шаруашылықтары – «Қарабатыр Агрофирмасы» (Сахаров бөлімшесі), «Содружество-98», «Инспэк-1», «Алтын-Масақ» серіктестіктері мен 22 шаруа қожалығы. Тірек ауылға биыл орталықтандырылған ауыз су көзі тартылады. Былтыр Пушкинге тіршілік көзін тарату жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтегі 22 көшенің 15-і жарықтандырылған. Келесі жылы үш көшеге жарық көзін тарту жоспарланған. Адаевтан Пушкинге дейін 57 шақырым болса, соның 53-і республикалық маңызы бар, кіреберіс төрт шақырым жол сын көтермейді.

Валентин Свиридов, «Содружество-98» ЖШС өңірлік директоры:

– Қазіргі таңда серіктестікте 104 адам еңбек етеді. Орташа жалақы – 190 мыңға жуықтайды. Былтыр шаруашылық 140 млн теңгеге астық тазалау кешенін орнатты. 120 млн теңгеге 6 мың тонналық астық сақтау қоймасы салынды. Биыл тағы осындай қойма салыну жоспарланып отыр. Былтыр 758, ал биыл 300 млн теңгенің ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Марат Құдайқұлов, «Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС директоры:

– Биыл 23,1 мың га алқапқа бидай, жеті мың га жерге арпа, мақсары, жүгері, судан шөбі, сұлы, эспарацет, жетнек егуді ниет еттік. Көктемгі егіс науқанына сақадай саймыз. Басқа жылдарды айтпағанда, тек биыл «ҚазАгро Қаржы» АҚ арқылы млрд теңгеден астам қаражатқа шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды ұйғарып отырмыз. 178 адам еңбек ететін серіктестіктің орташа жалақысы 192 мың теңге. Қарабатыр ауылында бұған дейін ауылдық мәдениет сарайы, балалар алаңы мен жұмысшыларға арналған баспана пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда ауылды көркейтуге серіктестік 148,5 млн теңге қайырымдылық жасады. Биыл көшеттер егіліп, саябақ, аллея, бейне бақылау жұмыстары мен басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге 50 млн теңге бөлініп отыр.

Орқаштың тұзы қандай, суы балдай!

«Алтынсарин – Орқаш – Аралкөлді жалғайтын 110 шақырым жолды жөндеу қашан басталады? Кезінде атағы алысқа кеткен Орқаш тұзының қоры 11 млн м3, сол жердегі тұщы су қоры жүз жылға жетеді, оны игеріп, пайдаға жарату мүмкін бе? «Соколов-Сарыбай» ССКӨБ осы Қарасу (Орқаш) өңірінен 175 га жерді жалға алған екен, соны әлі іске жаратпай отыр. Егер олар жұмыс істемейтін болса, аумақты басқа инвесторға беру керек. Бұрынғыдай қысқы-жазғы уақыт белдеуіне ораламыз ба? Тіпті, 2018 жылы субсидиялау тоқтап қалған Орқаш қарбызын қайта егуге не кедергі?».

Ел ағасы, кезінде ауыл басқарған Зікірия Балшықбаев облыс әкіміне осы мәселелерді қойды. Биыл Алтынсариннен Орқашқа дейінгі 25 шақырым жол жөнделеді, оған қазынадан 200 млн теңге қарастырылған. Елді мекеннің табиғаты бай аумағы Науырзым мемлекеттік қорығының меншігінде, оған қол салуға болмайды. «Соколов-Сарыбай» кен орны алған 175 га жер алдағы жылдары игеріледі. Ал, жекелеген қаражат көздері қарастырылып жатса, аймақ басшылығы қарбыз егуге қолғабыс жасамақ.

5 тамызда Кенесары ханның інісі, атақты Наурызбай батырдың қырық қолбасшысының бірі – ту көтерген Толысбай бабамызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ұрпақтары жиналып ас бермекші. Зікірия Балшықбаев аймақ басшысын сауын айтылған жиынға қатысуға шақырды.

«Арқада қыс жайлы болса…» 

Өткен жылдары Арқа ауылының көшесіне тас жол төселген екен, бірақ ол орталық емес, шеткері көше (жалпы онда төрт көше жаңартылған). Кездесуге арнайы келген Тұңғиық (Арқа) тұрғыны бұдан да бөлек түйткілдерді ортаға салды.

«Елді мекен сырты қазба байлық үшін қазылып жатыр, бірақ жел көтерілсе, ауыл ішін шаң басып кетеді, бұл денсаулығымызға кері әсер етуде. Инфрақұрылым сын көтермейді, орталықтандырылған су келді, алайда ол қыста қатып қалады. ФАП-тың жағдайы мүшкіл, мәдениет үйі мен балалар алаңы қажет.

Аймақ басшысы бұл мәселелерге қатысты аудан әкімі мен жауапты ведомстволарға тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

«Адаев емес, Адай!»

Төребай Рахымжанов, ауыл тұрғыны:

– Бұл ел Адай деген байдың құрметімен аталады. Кеңес үкіметі кезінде «ев» жалғанып кетті. Мына жерде Адайкөл тоғаны бар. Сол себепті, ауылымыздың байырғы атауы қайтарылып, Адай болып аталса!.

 Марат Құдайқұлов, «Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС директоры:

– Аудан халқының үштен бірін құрап отырған бір сызықтың бойындағы Ливанов – Қарабатыр – Арқа елді мекендеріне газ тарту қашан басталады? Егер көгілдір отынға қосылсақ, халық тұрақтап, тіпті, көшіп келушілер саны арта түсер еді.

Дәурен Асқаров, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

– Бұл жұмыс жоспарымызда бар. Биыл толық жобалық-құндық құжаттама жасалатын болады. Онымен қызылордалық мердігер компания айналыспақ. Келер жылғы республикалық бюджетке енгіземіз.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Қамысты ауданы

Аудан халқының саны – 10,9 мың. 5 ауылдық округ, 17 ауылдық елді мекен бар. Былтыр Қамыстыда «Тың – 2022» облыстық спартакиадасы жоғары деңгейде өтті. Сол науқан қарсаңында жаңадан жолдар төселді, орталық стадион бастан-аяқ жөндеуден өтті. Аудандық орталық аурухана жаңа кейіпке енді. Өткен жылы Бестөбе – Адаев су тарату құрылысы басталды, жоба биыл аяқталады. Соның арқасында өңір халқының ауыз сумен қамтылу деңгейі 98 пайызға жетпек!

 

Жаңалықтармен бөлісу