Жахаң мұрасы кеңінен насихатталды

Жахаң мұрасы кеңінен насихатталды

Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы мектепте ұлт ұраншысы, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға облыс бойынша 99 ғылыми жұмыс қабылданып, оның 41-і әділ қазылар алқасының жоғары бағасын алып, секциялық отырыстарда таныстырылды. Баяндамаларда Міржақып Дулатұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ағартушылық қызметі, саяси көзқарасы және Алаш қозғалысындағы үлесі жан-жақты талданды. «Оян, қазақ!» идеясының тарихи маңызы мен бүгінгі ұлттық сананы қалыптастырудағы орны да ерекше атап өтілді.

Конференцияның пленарлық мәжілісіне құрметті қонақтар шақырылды. Олардың қатарында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені» КММ басшысы Гүлбану Сәрсекей, Рудный қаласы құрмет тақтасының иегері, ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Жаңбыршы Тілеуғабылов, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар және жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің төрағасы, алаштанушы, жазушы, Елдос Тоқтарбай және Философия ғылымдарының кандидаты, доцент, М. Дулатов атындағы ҚИнЭУ оқытушысы Райхана Абдрахманова бар.

Қонақтар өз сөздерінде ұлт тұлғаларын ұлықтаудың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша екенін атап өтті. Конференция барысында мектеп басшысы 2022 жылы білім ордасына Міржақып Дулатұлының есімі берілгеннен бері атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Осы кезең ішінде қала, облыс және республика деңгейінде сан түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.

Ең есте қаларлық жобалардың бірі – 2023 жылы мектеп директоры Абзал Әміржанұлының бастауымен Міржақып Дулатұлы туған Торғай өлкесіне мектеп оқушылары мен педагогтардың арнайы экспедициясы ұйымдастырылуы. Сонымен қатар, биыл мерейтой жылы мектепте Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы мұражай ашылғаны да айтылды.

Мектеп директоры Абзал Ағатай конференция барысында сөз сөйлеп, бұл іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

            «Біз үшін Міржақып Дулатұлының есімін иелену – үлкен жауапкершілік. Ұлт қайраткерінің мұрасын жас ұрпаққа жеткізу – тек ғылыми міндет емес, бұл – рухани борыш. Бүгінгі конференция – оқушыларымызға тарихи сананы терең сезінуге, тұлғаның болмысын тануға берілген үлкен мүмкіндік. Міржақыптың мұрасы – жүректерді оятатын мәңгілік құндылық», – деді ол.

blank

Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы төрт секцияда өтті. Алғашқы секцияда «Міржақып Дулатұлы — қоғам қайраткері және педагог-ағартушы» тақырыбында он бес баяндама қорғалды. Бұл секцияда үшінші орынды Қостанай қаласынан Қарағулова Н.Қ. (С. Мауленов ат. гимназиясы), Рудный қаласынан Абдурасулова Г.Ж. (Дм. Карбышев ат. №14 мектебі) және Арқалық қаласынан Әбіш Ж.С. (№10 жалпы білім беретін мектебі) қанжығасына байлады. Ал екінші орынды Қостанай қаласынан Ахметбекова А.Ж. (Б. Момышұлы ат. мектеп-гимназиясы) мен Арқалық қаласынан Кокышева Ж.М. (№7 жалпы білім беретін мектебі) бөлісті. Бірінші орынды Рудный қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектебінен Аманкелдиева А.Ж. иеленді.

Екінші секция тақырыбы «Міржақып Дулатұлының шығармашылық мұрасы» деп аталды. Мұнда үшінші орынды Темирова Ж.К. және Сабыржанова А.Ж. иеленсе, екінші орын Арқалық қаласынан Алимбаева А.Б. (Ы. Алтынсарин ат. гимназиясы) мен Жітіқара ауданынан Тлекешева С.А. (Е. Есжанов ат. №9 жалпы білім беретін мектебі) бұйырды. Бірінші орынды Қостанай ауданынан Мырзағалиева Фарида (Жамбыл жалпы білім беретін мектебі) жеңіп алды.

blank

Үшінші секция: «Міржақып шығармаларындағы кейіпкерлер бейнесінің әлеуметтік сипаты» деп аталды. Бұл жерде ІІІ орынды – Қостанай қаласынан Жабагина А.Г. (Ә. Бөкейхан ат. мектебі) иеленді. Екінші орынға Арқалық қаласынан Бекенова С.К. (Абай ат. мектеп-гимназиясы) мен Қостанай қаласынан Саменова А.К. (Ә. Бөкейхан ат. мектебі) лайық деп танылды. Жүлделі І орынды Рудный қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектебінен Татенова Ж.Г. алды.

Төртінші секция практикалық бөлім болды. «Міржақып Дулатұлының тәлімдік мұраларындағы мәдени-ағартушылық идеялары» деп аталды. Бұл бөлімде пән мұғалімдері жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқытудағы инновациялық тәжірибелерімен шебер-сыныптар өткізді. Қазылардың шешімімен, ІІІ орынды – Қостанай қаласынан Атаева А.Б. (М. Қозыбаев ат. №23 мектебі) мен Арқалық қаласынан Коныршина Е.С. (№7 жалпы білім беретін мектебі) алды. ІІ орын – Рудный қаласынан Жумабаева Г.Т. және Жузтаева Н.А. (Б. Майлин ат. №7 мектеп-гиназиясы) марапатталды. І орынды – конференцияны ұйымдастырушы мектептің педагогтары Қасқырбаева Э.С. және Амангараева Г.К. (Рудный қ. М. Дулатұлы ат. мектебі) иеленді. Барлық жүлдегерлер облыстық білім басқармасының марапатын ие болды.

blank

Конференция қатысушылары Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау – ұлттың рухани биіктігін арттыратынын, олардың арманы мен мұратын бүгінгі ұрпаққа жеткізу қажет екенін атап өтті. Осындай бастамалар оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың өз елінің тарихына деген құрметін арттырады. 

blank

Сандуғаш БЕКМҰРАТ

Суреттерді ұсынған мектеп әкімшілігі