Жағдай бір аптада белгілі болады

Жағдай бір аптада белгілі болады

Облыс мамандары көктемгі судың деңгейі наурыз айының жиырмасынан кейін білінетінін жобалап отыр. Осыған байланысты  су тасқынының алдын алу шаралары облыста күшейе түсті.

Бүгінде тоқсаннан астам елді мекен қалыпты бақылауда тұр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов Арқалық  қаласымен байланыстырған телекөпірде айтып өтті.

«Өткен жылы Қарасу ауданы тасқын судан ең ұзақ зардап шеккен өңір ретінде танылды. Қазір ол жақтағы қауіпті деген  120 шақырым  аумақ ерекше бақылауда. Жаңа су бұру арнасы 30 шақырым аймақты қамтып отыр. Осы жерде Арқалық қаласы мен  Аманкелді, Жанкелдин аудандары ерекше назарда тұрғанын айта кеткім келіп отыр. Әсіресе, Торғай өзенінің жан-жағы бекітіліп жатыр. 26 шақырымдағы жұмыстар аяқталды деген хабар алып отырмыз. Оңтүстік өңірлерде 15 наурыздан үй жануарларын қауіпсіз жерлерге шығару жұмыстары басталды»,  – деді Берік Таңжарықов тікелей эфир арқылы жүргізілген баспасөз мәслихатында.

Биыл осы науқанға 7,5 млрд теңге қаржы бөлінді. 1,5 млрд теңге көлемінде облыс әкімдігінің резерві де сақтаулы тұр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермағамбетов Тобыл-Торғай-Обаған өзендерінің айналасында жүргізіліп жатқан сақтық шараларын пысықтап өтті.

«Оңтүстік өңірде екі аудан мен бір қаланың ерекше бақылауда тұрғанын білесіздер. Жуырда  Ұлытаудан осы айдың  аяғына таман ағыс келеді деп болжап отырмыз. Департаменттің 27 бөліністері дайындалыр отыр. Қар шығару, су арнаны бұру жұмыстарын  полиция және әскерилермен бірлесіп шаралар атқарып жатырмыз. Таяуда Арқалық қаласына көмек жөнелтілді», – деді департамент басшысы.

Қостанай қаласына былтыр қауіп Жоғарғы Тобыл жақтан келген болатын. Қала әкімінің орынбасары Алмат Ысмағұлов ол жақпен жиі хабар алмасып отырғанын жеткізді.

«Қазір ол жақтағы су деңгейі 360 млн текше метрді құрап отыр. Былтыр ол көрсеткіш бір миллиард текше метрден асып жығылды.  500 млн текше метрден асса, қауіп бар екені сезіледі. Ол жақпен жиі байланыстамыз. Жағдайды үнемі бақылап отырамыз»,  – деді қала әкімнің орынбасары.

Әзірге бұл шекаралас аумақтардағы бекеттер қойылған жоқ. Қарасуда үшеуі тұр. Торғай қақпасында ақау болғанымен, қазір ол жағдай біраз реттеліп қалды. Жітіқара ауданынан өзге жерде күмәнді құбылыс кездескен жоқ.

Жуырда Қостанай ауданына дамбы қойылды. Алдағы уақытта Қарабалық жаққа орнату жоспарда тұр. Бейімбет Майлин ауданында көпір құрылысы жүргізілді. Сарыкөл ауданынының Қараоба, Крылов елді мекендерінде  ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Обаған өзенінің бойынан қазылған арна осы жұмыстарды жеңілдеткелі тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу