Наурызнама онкүндігін тойлау аясында “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр” күнінде аудандық Тілдерді оқыту орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, “Баталы ерге бақ қонар” тақырыбында танымдық іс-шара өткізді. Бұл іс-шара ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Гүлайым Стамқұлова Наурыз мерекесінің мәні мен маңызы, қазақ халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптары туралы түсінік берді. Мерекенің ұлттық мәдениетіміздегі орны мен маңызы жайында сөз қозғап, жастарға салт-дәстүрлерді сақтау қажеттігін жеткізді.
Жиналғандар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, қазақтың бай ауыз әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мақал-мәтелдер айтып, әндер мен күйлерден шашу шашты. Бұл тек мерекелік көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, қазақ халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға құрметті арттырды.
Соңында орталыққа келіп жүрген тіл үйренуші Әсет Ахметжанов ақсақалдың рөлін сомдап, қатысушыларға бата берді. Бата беру дәстүрі қазақ халқының үлкендерге деген құрметі мен шексіз сенімінің бір көрінісі. Берілген бата отырыстың түпкі мәнін, маңызын аша түскендей болды.
Осындай іс-шаралар ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттап, жастарға оның маңызын түсіндіруге зор мүмкіндік береді. Қазіргі қоғамда ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтаудың маңызы артқан сайын, жастар арасында осындай танымдық іс-шараларды ұйымдастыру – келешек ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулып, сол арқылы ұлттың бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Наурыз мерекесі – жаңа жылдың басы ғана емес, ол халықты бірлікке, ынтымақтастыққа шақыратын, ата-бабамыздың рухани мұрасын жаңғыртуға мүмкіндік беретін ерекше кезең. Осы орайда, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу және оны жас ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы