Бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
“Бұл – тек қала үшін ғана емес, бүкіл Қостанай облысы үшін маңызды оқиға. Университет мәртебесінің берілуі оқу орнының жаңа көкжиектерді бағындыруына жол ашады. Студенттер саны артып, білім беру бағдарламалары кеңейтіледі. Енді болашақ мамандар тек педагогикалық бағыттарда ғана емес, сонымен қатар ІТ, журналистика, экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім ала алады”, – деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына.
Сонымен қатар, магистратурада оқуға мүмкіндік туады, ал болашақта – докторантура да ашылмақ.
“Бұл өзгерістер өңіріміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Университетте ғылыми-зерттеу жобалары дамытылып, инновациялық технологиялар әзірленіп, оқытудың озық әдістері енгізілетін болады. Айта кету керек, жаңа мәртебе халықаралық ынтымақтастықтың да жолын ашады. Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен белсенді түрде байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, озық білім беру бағдарламаларын енгізуге және студенттерге академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін ұсынуға жағдай жасайды”, – деп жазды облыс әкімі.
Университет оқытушыларын, студенттерін және бүкіл облыс тұрғындарын жоғары білім саласындағы осы маңызды қадаммен құттықтады.
Арқалық университеті Қостанай облысының дамуына үлкен үлес қосатын білім мен ғылымның қуатты орталығына айналғалы тұр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы